«Рассрочкаға» гүл: Алматыда 21 ата-ана жауапқа тартылды

Маусым 3, 2026 - 15:49
chat_bubble  0 visibility  1
«Рассрочкаға» гүл: Алматыда 21 ата-ана жауапқа тартылды
фото: әлеуметтік желіден

Мәжілісмен түлектер арасындағы сән-салтанат бәсекесі ата-аналарға қосымша қаржылық салмақ түсіріп, жастардың құндылықтарына кері әсер етуі мүмкін екенін айтты. Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдап, мектеп бітіру іс-шараларындағы орынсыз сән-салтанат пен әлеуметтік бәсекенің күшеюіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды sadaq.kz.

Депутаттың айтуынша, биыл елімізде 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын аяқтаса, оның ішінде 215 мыңнан астамы мектеп түлегі атанған. Мектеп бітіру әр азаматтың өміріндегі маңызды кезең болғанымен, соңғы жылдары бұл рәсім тәрбиелік мазмұнынан алыстап, әлеуметтік бәсеке мен даңғазалықтың көрінісіне айналып барады. Ол соңғы қоңырау кезінде еліміздің бірқатар өңірінде қымбат автокөліктерден құралған кортеждер ұйымдастырылып, жол қозғалысы ережелері бұзылғанын атап өтті.

Мәселен, Алматыда мектеп түлектерінің автокортежіне байланысты 21 кәмелетке толмаған баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылған. Ал Маңғыстау облысында түлектердің қымбат көліктермен шеру өткізіп, оны әлеуметтік желілерде жариялаған видеолары кеңінен тараған. Сонымен қатар депутат қоғамда қызу талқыланған тағы бір мәселе – мектеп бітірушілерге арналған алып гүл шоқтарының бәсекесіне назар аударды.

Оның сөзінше, әлеуметтік желілерде жүздеген гүлден құралған композициялар, қымбат сыйлықтар мен салтанатты рәсімдер қалыпты құбылыс ретінде көрсетілуде.

Кейбір ата-аналар баласының қатарынан қалмауы үшін қарыз алуға, бөліп төлеуге гүл немесе сыйлық сатып алуға мәжбүр болғанын ашық айтып жүр. Мұндай жағдай әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларына қосымша психологиялық қысым түсіреді, – деді депутат.

Жарқынбек Амантайұлы мұндай үрдістер жастар арасында білім мен еңбектің құндылығын емес, қымбат көлік пен қымбат сыйлық арқылы мәртебе көрсетуді насихаттауы мүмкін екенін айтты.

Оның пікірінше, Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткен заң мен тәртіп, адал еңбек және қарапайымдылық қағидаттары мектеп қабырғасынан бастау алуы тиіс. Ал шектен тыс сән-салтанат жасөспірімдердің санасында тұтынушылық психология мен жалған беделге ұмтылуды қалыптастыруы ықтимал.

Депутат халықаралық тәжірибеде мектеп бітіру рәсімдері оқушылардың жетістіктерін, қоғамдық белсенділігін және болашақ мақсаттарын насихаттауға негізделетінін атап өтті. Осыған байланысты ол Үкіметке мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің бірыңғай тәрбиелік стандартын әзірлеуді, соңғы қоңырау мен бітіру кештеріндегі орынсыз сән-салтанатқа, автокортеждерге және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттерге жол бермеудің нақты тетіктерін енгізуді ұсынды.

Сондай-ақ депутат білім беру ұйымдарында әлеуметтік бәсекені емес, тең мүмкіндіктер мен рухани құндылықтарды дәріптейтін түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, мектеп бітіру мәдениетін қалыптастыру жөніндегі ұлттық тұжырымдамалық ұсыныстар әзірлеу қажет екенін айтты.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0