Семейде шыршадан құлаған мұғалімге мектеп директоры өтемақы төлейді
Семейде еңбек инспекциясы жаңажылдық шыршадан құлап кеткен мұғалімнің оқиғасына қатысты тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Semei телеарнасына сілтеме жасап.
Комиссия анықтағандай, мұғалімді шырша безендіруге мектеп директоры жұмсаған. Заңға сәйкес жәбірленушіге келтірілген шығынды да өзі өтеуге міндетті.
"Жұмыс беруші 100% кінәлі, Қуат Айтқалиевтің кінәсі жоқ. Сондықтан комиссия осындай шешім қабылдады. Қазіргі уақытта мұғалімге жалақысы төленіп жатыр. Егер ол ақылы негізде емделсе, кеткен барлық шығынды өтейді", - деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі департаментінің бөлім басшысы Тоқтарбек Түсіпбаев.
Қазіргі уақытта іс қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану фактісі бойынша одан әрі шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді. Мұғалім үйде ем қабылдауын жалғастырып жатыр, аяқтан тұруына біраз уақыт қажет.
"Хаттама жасалып, барлық тиісті құжат толтырылды. Қазір материалдар құқық қорғау органдарына жіберіліп жатыр. Қылмыстық кодекстің 156-бабына сәйкес, еңбекті қорғау ережелерін бұзғаны үшін жұмыс беруші жауапты болады", - деді Тоқтарбек Түсіпбаев.
Сіздің реакцияңыз қандай?