Шырша әрлеймін деп биіктен құлаған семейлік мұғалім ауруханадан шықты: оған өтемақы төлене ме
Үкіметте өткен брифингте Оқу-ағарту министрлігінің басшысы Семейде орталық алаңда шырша безендіру кезінде құлап кеткен мұғалім ауруханадан шыққанын мәлімдеді. Сондай-ақ брифингте премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жарақат алған мұғалімге өтемақы төлеуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Kаzinform агенттігінің мәліметінше, Тамара Дүйсенова мұғалімнің қосымша жұмысқа тартылғаны құжат арқылы дәлелденсе, өтемақы төленуі мүмкін екенін жеткізді.
"Мұғалімнің қосымша жұмысқа тартылғаны құжат арқылы дәлелденсе, жұмыс уақытында тартылған болса, өндірістік жарақат деп танылады. Ал құжат арқылы дәлелдеу мүмкін болмаса, ондай статус берілмейді және өтемақы төленбейді. Заң талабы осы. Ешбір келісімшартсыз жұмысқа тартылған болса, жұмысқа жеккен адамдар заңды бұзғаны үшін жазаланады", - деді Тамара Дүйсенова.
Сонымен қатар брифингте оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев педагог мәртебесі туралы заң мұғалімді басы артық жұмысқа тартудан толыққанды қорғай алатынын айтты.
"Жалпы 2019 жылы қабылданған заңның шеңберінде жалпы мұғалімдерді қандай да бір мамандығына сәйкес емес жұмыстарға тартуға болмайды. Бұл заңның жергілікті орындарда қаншалықты орындалып жатқаны – екінші бір мәселе. Мен тапсырма бердім. Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі жергілікті департаменттеріміз бар. Солар түгелдеп, мониторинг жүргізіп жатыр. Аудандарда, әсіресе, алыс ауылдарда мұғалімдердің құқығы қаншалықты сақталып жатқанын тексереді", - деді министр.
Сіздің реакцияңыз қандай?