Тағы бір өңірде соғыс ардагерлері бес миллион теңгеден алады

Бүгінде Павлодар облысында жеті ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагері тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова ІІ Дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында соғыс ардагерлеріне бес миллион теңге төлеу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
"Бүгінде облыста жеті ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагері тұрады. Ең қарт ардагер Мария Курбатова 101 жаста болса, ең жасы Николай Ступка 97 жаста", - деді Альмира Дисюпова.
Сонымен қатар басқарма басшысы Жеңіске қол жеткізуге үлес қосқан 3,7 мыңнан аса азаматқа мерекелік және атаулы күндерге біржолғы төлемдер қарастырылғанын айтты. Бұл төлемдер мәртебесіне байланысты 50 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін ұлғайтылған.
"Тыл еңбеккерлеріне төлем 100 мың теңге, Қоршаудағы Ленинград тұрғындарына 150 мың теңге, концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына 200 мың теңге", - деді ол.
Сондай-ақ ардагерлерге әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көрсетіледі. Олардың барлығы әскери қызметшілерге көрсетілетін құқықтар мен кепілдіктерге ие. Салық салу бойынша жеңілдіктерді пайдаланады, Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі, санаторлық-курорттық емдеу ұсынылады.
Сіздің реакцияңыз қандай?






