«Тайпаларды Ленин жинап қазақ қылған»: көпшілік қазақтарды қорлап ұлтараздықты қоздырған әйелді жазалуды талап етіп жатыр

Әлеуметтік желіде Ольга Зубова есімді қолданушының қазақтар туралы жазған пікірі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Бұл жағдайға байланысты журналист Тоқтар Жақаш дабыл қағып, құзырлы органдарды шара қолдануға шақырды, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Журналистің айтуынша, Зубованың жазбасы ұлтаралық өшпенділікке жол беретін сипатта. Ол қазақтардың тарихын жоққа шығарып, мемлекеттілігін терістеген.
«Әбжыланды кеудемізге жылытып отырған не қылған аңқау елміз? Ольга Зубова деген әйелдің қазақтар туралы пікірін оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады! Қазақтарға деген өшпенділігі, жеті ата-бабасының құны кеткендей кектене жазуы – жақсылық емес. “Қазақ деген болған емес, осы жердегі тайпаларды Ленин жинап, қазақ қылған. Қазақтарда мемлекеттіктің белгісі болмаған. Назарбаевтың жолы болып кетті” дейді. Онымен қоймай, тәуелсіздігіміздің мәңгі екеніне де күмән келтірген. “Қазақстан – уақытша мемлекет” деп жазыпты», – дейді Жақаш.
Оның айтуынша, даулы пікір иесі Алматы қаласында туған және қазір сонда тұрады.
«Алматы қаласының Полиция департаменті, прокуратурасы және әкімдігі әлеуметтік желіде осындай ұлтаралық араздық туғызатын пікір жазған қала тұрғынын қылмыстық жауапкершілікке тартуы тиіс», – деп талап етті журналист.
Ольга Зубова қазақтарда ешқашан мемлекет болмағанын алға тартып, жұрттың ашуын тудырды.
«Иван Грозный — Алтын Орданың мұрагері. Оның титулын зерттеп көріңіз. Әзірге, ең болмаса, бастау үшін. Қазақ хандарының қайсысында сондай титул болды екен?! Сол титулға «Қазақстан» жерлері кіргендей. Ол жерлерде кейін Ленин «қазақтар» деп атаған тайпалардың өмір сүргені қазақтардың мемлекеттілігі болды дегенді білдірмейді. Қазақтарда ешқашан мемлекеттіліктің белгілері болмаған. Назарбаевқа жолы болды, тәуелсіздік «қолына түсті». Бірақ оны егемендікпен шатастыруға болмайды. Егемендік – өз дамуыңның жолын таңдау. Тәуелсіздік – мемлекеттіліктің атрибуттарын сақтау: ту, әнұран, ақша бірлігі. Мемлекет тәуелсіздігін оған рұқсат бергенше ғана сақтай алады. Ал Қазақстан – уақытша мемлекет екені әлдеқашан белгілі. Жақында бұл елді орыстар мен қытайларға бөліп береді. Украинадан айырмашылығы – бұл тыныш әрі үнсіз өтеді. Қазіргі қазақтар, ең болмағанда, өз ДНҚ-сын сақтап қалады, ал украиндарды Батыс түбіне дейін жойып жібереді. Тоқаевтың «еңбегі» осы болады: қазақ тайпалары өз ДНҚ-сын сақтап қалады. Бәлкім, тағы да «қазақ хандығы сияқты» бір құрылым 50 жылға пайда болып қалар», — деген сарында пікір қалдырған ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?






