Тоқаев экстремизм мен терроризмге қарсы күресті күшейтуді тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді, деп хабарлайды sadaq.kz.
Жиында Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру үшін қабылданған Ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарына сай былтырғы атқарылған жұмыстардың нәтижелері қарастырылды.
Үкімет пен бірқатар салалық мемлекеттік органның басшылары негізгі көрсеткіштердің орындалуы туралы мәлімет берді. Кеңес отырысында әлі де пысықтауды қажет ететін, соның ішінде қоғамдық, экономикалық, экологиялық және ақпараттық қауіпсіздік бағытындағы мәселелер талқыланды.
"Президент Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының іске асырылуы нақты нәтижелермен бағалануға тиіс екеніне назар аударды. Оның қоғам үшін маңызы зор. Бұл ретте барлық саланы дамыту барысында азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздік факторы ескерілуге тиіс.
Сонымен қатар жиында терроризмге және экстремизмге қарсы күрестің өзекті мәселелері қарастырылды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев террористік және экстремистік әрекеттердің қаупін азайту, сондай-ақ терроризмге қарсы қорғанысты күшейту үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндады.
Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға нақты тапсырма берілді", - делінген Ақорда хабарламасында.
Президент кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Президент Қауіпсіздік кеңесінде министрліктер жұмысын сынға алғанын хабарлады.
Оның дерегінше, жиын барысында барлық салалық ведомствоның атына сын-ескертпелер айтылып, егжей-тегжейлі талқылау өтті. Мемлекет басшысы экстремизм мен терроризмге қарсы күресті және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған үйлесімді жұмысты күшейту қажет екеніне назар аударды.
- Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде жұмысты ұйымдастырудың аса маңыздылығын атап өтіп, аталған салалардағы жағдайға талдау жасады.
Президент азық-түлік және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, ел азаматтарын алаңдататын мәселелерді шешу үшін цифрлық құралдар мен жасанды интеллектіні дамытудың өзектілігіне тоқталды.
Мемлекет басшысы барша қоғамның мүддесі үшін Үкіметке Әділетті Қазақстанды құру бағдарламасын іске асыруға күш салуды тапсырды, - делінген жазбада.
Сіздің реакцияңыз қандай?






