Тоқаев Көлік министрі Қарабаевқа сөгіс жариялады
Мемлекет басшысы көлік саласындағы ахуалды сынға алды. Қордаланған проблемалар мен белгіленген межелердің орындалмауы жаңғырту жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп отыр.

Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері жөніндегі отырысы өтті, деп хабарлады Ақорда.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың және бірқатар орталық мемлекеттік органдар басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Мемлекет басшысы көлік саласындағы ахуалды сынға алды. Қордаланған проблемалар мен белгіленген межелердің орындалмауы жаңғырту жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп отыр.
Президент шекарадан жүк өткізудің қиындығын, көптеген өткізу бекеттерінің жағдайы нашар екенін, сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық-транзиттік жобалардың өз уақытынан кешігіп жатқанын айтты, - делінген Ақорда хабарламасында.
Қасым-Жомарт Тоқаев "Жасыл дәліз" жүйесін ұйымдастырып, еліміздің логистикалық әлеуетін оңтайлы пайдаланудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде Қазақстан өзінің бәсекелестік артықшылығын сақтап қана қоймай, оны нығайта түсуге тиіс.
Мемлекет басшысы жүк тасымалы көлемін арттыру үшін нарықты авиаотынмен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету қажет деп санайды.
Бұдан бөлек, мультипликативтік тиімділікті көтеру мақсатында еліміз арқылы өтетін жүк тасымалы көлемін ұлғайту, соның ішінде әлемдік жеткізу тізбегіне қосылу міндеті қойылды.
Жиын соңында Президент министр Марат Қарабаевқа жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін сөгіс жариялады, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы проблемаларды шешуге қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






