Тоқаев Қостанай облысының тұрғындарын құттықтады

Тамыз 1, 2026 - 12:18
chat_bubble  0 visibility  5
Тоқаев Қостанай облысының тұрғындарын құттықтады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысушыларды құттықтады, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президент өз құттықтауында Қостанай өңірін ырысы мол, ынтымағы жарасқан тарихи өлке деп атап өтті.

— Осы уақыт аралығында өңір өсіп-өркендеп, астықты аймаққа айналды. Береке мен бірліктің, келісім мен татулықтың алтын бесігі ретінде танылды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қостанай жерінің ел тарихындағы орны ерекше екенін атап өтіп, бұл өңірден ұлт руханиятына зор үлес қосқан Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин сынды тұлғалар шыққанын айтты.

Президенттің сөзінше, бүгінде облыс экономикасы қарқынды дамып, тұрғындардың еңбегі арқасында өңір жаңа жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

— Қостанай жұрты әрдайым ауызбіршіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Аймақ халқының наурыз айында өткен республикалық референдумға белсене қатысып, жаңа Конституцияны қолдап дауыс беруі — соның айқын көрінісі, — деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев облысты дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарға ризашылығын білдіріп, қостанайлықтарды Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бастамаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуға шақырды.

— Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Тобыл-Торғай өлкесі өркендей берсін! — деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Король VI Мұхаммед пен оның отандастарын Марокко Корольдігінің төл мерекесі – Таққа отырған күнімен құттықтаған еді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0