Тоқаев Түрікменстандағы жиында маңызды мәлімдеме жасады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйлеп, конференцияны шақыру бастамасын көтергені үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке, теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің проблемаларын шешуге және мүмкіндіктерін пайдалануға бейіл танытқаны үшін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке алғыс айтты, деп хабарлайды Ақорда.
«Жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның алғашқы конференциясын өткізіп, жетекші рөл атқарды. Яғни еліміз бұл үздіксіз үдеріске бастапқы жылдардан бері қатысып келеді. Осы тарихи оқиға барысында Алматы іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Бұл құжат теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мәселелерін жаһандық дамудың күн тәртібіне тұңғыш рет шығарды. Бүгін біз алдымызда тұрған міндеттерді одан әрі ілгерілету мақсатында Авазада бас қосып отырмыз», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, осы топ құрамындағы 32 дамушы елде жарты миллиардтан астам адам тұрады. Олардың көпшілігі қаржыландыруға және технологияға қол жеткізуде, сондай-ақ жаһандық нарыққа жол табуда кездесетін кедергілермен бетпе-бет келеді. Тоқаев өңірлік күн тәртібі жөнінде пікір білдіріп, елдердің мүмкіндігі географиямен шектелмейтінін Орталық Азия тәжірибесі көрсетіп отырғанын айтты.
«Қазір теңізге шығар жолымыз болмағанымен, келешекте амалын табамыз. Яғни құрлық арқылы байланыс орнатудың маңызы арта түседі. Біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы орнықты. Саяси ерік-жігер, стратегиялық инвестиция мен халықаралық серіктестік болса, теңізге шығатын жолдың жоқтығы кедергі емес, керісінше, өсімге ынталандырады. Орталық Азия өзара тиімді ықпалдастық қанат жайған аймаққа айналғанына куә болып отырмыз. Өңірдің сауда, инвестиция, көлік, байланыс және ресурстарды орнықты басқару салаларында даму әлеуеті жоғары. Екі күн бұрын Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасында Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімге қол қойылды. Оның штаб-пәтері Алматыда орналасқан. Бұл тұтас аймақ үшін маңызды жетістік әрі Аваза бағдарламасының игі мақсаттарына толық сай келеді. Қазақстанның осы бастамасын қолдағаны үшін БҰҰ Бас хатшысына және Орталық Азиядағы серіктестерімізге тағы да ризашылығымды білдіремін», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мақсаттары мен қағидаттарына бейіл екенін растады.
«Теңіз қатынасы жоқ дамушы елдердің жаһандық күн тәртібінен тыс қалмауын халықаралық серіктестікті нығайту арқылы ғана қамтамасыз ете аламыз», – деді Қазақстан президенті.
Сіздің реакцияңыз қандай?






