«Үкімет Дуров сияқты VIP туристерді табиғатқа не істесе де ақтап алады» - журналист

Қазан 14, 2025 - 09:49
Қазан 14, 2025 - 10:03
«Үкімет Дуров сияқты VIP туристерді табиғатқа не істесе де ақтап алады» - журналист
фото: видеодан скриншот

Журналист Өміржан Әбдіхалықұлы Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуровқа «Көлсай көлдеріне» шомылғаны үшін шара қолданбаған Экология министрлігіне шүйлікті, деп хабарлайды Sadaq.kz.

«Үкімет Дуровтың Көлсайға шомылуын ақтап алыпты. Экология және табиғи ресурстар министрлігі: "Аталған дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, Көлсай-2 көлінің маңында шомылуға тыйым салынғаны туралы ескерту белгілері болмағаны анықталды. Сол себепті бұл әрекетте құқық бұзушылық белгілері жоқ" депті.

Бұл аз десеңіз, министрліктің ойынша Дуровтың Көлсайға түскені: "имидждік сипатқа ие, Қазақстанның табиғи сұлулығын халықаралық аудиторияға паш етті. Мұндай ақпараттық қамту елдің туристік әлеуетін жақсартуға қосылған елеулі үлес" екен. Дуровтың заңға қайшы әрекетін ақтауды қалай-қалай қиыстырады ә.

Енді әлемнің өзге байлары, миллион жазылушылары бар блогерлер Көлсайға кеп шомыла берсе болатын болып тұр ғой сонда. Оның үстіне министрлік Дуровтың әрекетін: "Кездейсоқ орын алған жағдай аумақтың экологиялық тұрақтылығына әсер етпеген" деп сипаттапты. Көлсай көлдеріне шомылу экологиялық тұрақтылыққа әсер етпейтін болса, онда әркім шомыла алады деген сөз ғой.

Осылайша, үкімет ұлттық паркті заң аясында қорғай алмады. Шындығында, Дуровқа ресми ескерту жасалуы тиіс болатын. Осы арқылы елге келіп-кетіп жатқан мыңдаған туристке Қазақстан өз табиғатын заң аясында кімнен болса да қорғайтынын көрсетер еді, ол өз кезегінде әр туристке сабақ болар еді.

Ал экология министрлігі табиғатты қорғай алмайтынын және Дуров секілді VIP туристер табиғатпен не істесе де ақтап алуға баратынын әрі үкіметтің өзі заң талаптарына керек кезде көз жұма салатынын ашық көрсетті.

Не дейміз, Қазақстан табиғатына жауапты органнан табиғаттың өзін сақтау керек секілді ғой», - деп жазды ол.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow