«ҰҚК бізді сәләфизмге қарсы қолданды»: зікірші біраз былықтың бетін ашты (ВИДЕО)

Маусым 17, 2026 - 16:04
app_badging Маусым 17, 2026 - 16:05
chat_bubble  0 visibility  5
«ҰҚК бізді сәләфизмге қарсы қолданды»: зікірші біраз былықтың бетін ашты (ВИДЕО)
Коллаж: sadaq.kz

Бұрын Исматулла Мақсұмның жақын шәкірттерінің бірі болған, кейін жамағаттан кеткен зікірші Есбатыр Сисенов өзінің сұхбатда бұрынғы діни көзқарастары, Нұрсұлтан Назарбаев билігіне берілген қолдау және арнайы қызмет органдарымен бірлескен жұмыстары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sadaq.kz сайты. 



Оның айтуынша, кезінде өздері билікке діни тұрғыдан көзсіз бағынуды насихаттап, мұны қате ұстаным деп қабылдамаған.

«Патшалар Құдайдың жердегі көлеңкесі. Кім оған қарсы шықса, Құдайға қарсы шыққаны деп келдік. Қазір ойласам, ол өте жалған хадис. Егер патша әділ болып, халқына жақсылық істеп отырса, ондай патшаға қарсы шығуға болмайды. Ал елге қиянат жасап, жемқор жүйе қалыптастырған адамды ешбір дін қолдамайды. Назарбаевтың жемқор жүйесінің қалыптасуына белгілі бір деңгейде Шәкәрім атындағы медресе өз үлесін қосты. Қазір “Нұрсұлтан – Боқсұлтан, 30 жыл ұры-қары биледі” деп жүр. Ал біздің ақылымыз енді кірді ме? Тақтан кеткен соң ғана Исматулла Мақсұм оны дұрыс емес адам деп айтып жүр. Егер әулие болса, сол кезде айтпай ма? Шерхан Мұртаза мұны 1994 жылы-ақ ескерткен. Ал біз 2008 жылы “Патша – Құдайдың жердегі көлеңкесі” деп көзсіз табындық», – дейді зікірші.

Есбатыр Сисенов бұл мәселеде тек Исматулла Мақсұмды ғана емес, сол кезеңдегі бірқатар діни және қоғамдық тұлғаларды да сынға алды.

«Жалғыз Исматулла Мақсұм емес, ҚМДБ, Бекболат Тілеуханов, тіпті сәләфиттерге дейін Назарбаевты мақтады. Сол кемшілігімізді мойындап, халықтан кешірім сұрауымыз керек. Оған біз де, дін де ат салыстық», – деді ол.

Сұхбат барысында Есбатыр Сисеновтен олардың қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жобасы болған-болмағаны жөнінде де сұралды.

Ол өздері құрған «Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігі ұзақ жылдар бойы мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істегенін айтты.

«Біз “Сенім. Білім. Өмір” республикалық қоғамдық бірлестігі болып жұмыс істедік. Қазақстанның 16 қаласында филиалымыз болды. Оралдағы филиалдың төрағасы Қазбек Құттымұратұлы еді. Біз Оралда 25 жыл бойы Ішкі саясат департаменті және ҰҚК-мен бірге уахабизмнің алдын алу шараларын жүргіздік. 2002–2010 жылдары ҰҚК қызметкерлеріне сәләфизм белгілері мен дәстүрлі дін туралы дәріс оқыдым. Олармен бірге оқу орындарына, әскери бөлімдерге, түрмелер мен мектептерге бардық. ҰҚК барлық жерге есік ашып берді. Бізді сәләфизмге қарсы қолданды. Жарылыстар болған кезде оны ұйымдастырғандардың адасқанын айтып, дұрыс ілім Яссауи жолы екенін түсіндірдік. Оралдағы ҰҚК басқарған басшылармен бірге Бекет ата кесенесіне де талай бардық. Бізден дәріс алған қызметкерлер кейін Ақтөбедегі мешіттерге бас имам болып тағайындалды. Бұл – мемлекетпен бірге жүзеге асқан жоба», – деп түсіндірді Есбатыр Сисенов.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0