Ұлытау шахтасында қаза тапқандардың отбасыларына 10 жылдық жалақы төленеді

Ақпан 18, 2025 - 10:28
Ұлытау шахтасында қаза тапқандардың отбасыларына 10 жылдық жалақы төленеді
Pixabay.com

Президент Тоқаев жеті адамның өмірін жалмаған апатқа байланысты үкіметке төтенше жағдайдың себептерін жан-жақты тергеуді тапсырды, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.

Сондай-ақ, тиісті ведомстволар мен өңір әкімдігіне қаза тапқандардың отбасына барлық қажетті көмекті көрсетуді міндеттеді.

«Қазақмыс» корпорациясы «Жомарт» кен орнында қаза тапқан жұмысшылардың отбасына ұжымдық келісімшартқа сәйкес барлық қажетті көмекті көрсетілетінін хабарлады.

«Әлеуметтік және материалдық қолдау көрсету, сондай-ақ моральдық шығынды өтеу мақсатында марқұмдардың отбасына он жылдық орташа жалақы мөлшерінде өтемақы төленеді. Сонымен қатар жерлеу рәсімін ұйымдастыруға 2 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді», – деп мәлімдеді «Қазақмыс» компаниясының өкілдері.

Сондай-ақ, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, марқұмдардың несие және қарыздарын жабу сияқты көмек түрлері қарастырылған.

 Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.

Қазіргі таңда аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

"Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша іс қозғалды. Оқиға орнында Ұлытау облысының полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады полиция департаменті. 

"Жомарт" кеніші - Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі.

"Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow