Жамбыл облысында мектеп әжетханасында төбелес болған: бір оқушы қайтыс болды
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынған.
Жамбыл облысы Байзақ ауданы Құмжота ауылында жоғарғы сынып оқушылары кіші сыныптың балаларын ұру салдарынан бір бала қайтыс болды. Полиция осы дерекке байланысты іс қозғады, - деп хабарлайды Sadaqmedia.kz ақпарат порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Қайтыс болған баланың туыстарының айтуынша, мектеп аумағындағы сыртқы әжетханада 9 сынып оқушылары төмен сыныптың балаларын ұрып-соққан. Кеудесінен бірнеше соққы алған бала есінен танып, бірден жан тапсырған.
«Оларды жекелей ұрған. Ұрып-соғудан кейін бәрі қашып кеткен. Оқиға сырттағы әжетханада болған. Мектеп ішіндегі әжетханалар жабық болған», - дейді қайтыс болған баланың туыстары.
Жамбыл облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынған.
«Оқушының өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті – кәмелетке толмаған бала уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Сондай-ақ, мектеп басшылығы мен оқытушы құрамға қатысты балалардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Басқа мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жариялануға жатпайды», - делінген полиция хабарламасында.
Сіздің реакцияңыз қандай?