Екібастұзда ондаған үй қыс түспей жатып жылусыз отыр
Екібастұз қаласында жиырмашақты тұрғын үйге жылу әлі толық берілмеген, деп хабарлайды sadaqmedia «Хабар 24» арнасына сілтеме жасай отырып.
Дереккөздің мәліметінше, көп пәтерлі 20 тұрғын үйге әлі жылу толық қосылмаған. Өйткені, бұл үйлер жылу маусымына техникалық тұрғыда дайындалмаған.
«Көп балалы Борангүл Муфтаховаға жаңа пәтер берілген. Алайда, су жаңа үй қыс түспей жатып, қатты суып кеткен. Тұрғынның айтуынша, Екібастұз қаласында жылу 1 қазан күні берілген. Алайда, бұл үй суық, тұрғындар үйлеріне жылытқыш қосып отыр», - деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Амановтың айтуынша, күн суытқан сайын «үйіміз суық» деп келіп жатқан тұрғындардың саны көбейіп жатыр.
«Көбінесе осындай үйлер техникалық тұрғыда жылу маусымына дайын болмай жатады. Өйткені, үйлерге қызмет көрсететін компаниялар жоқ, тұрғындар өз үйлерін өздері күтеді. Яғни, жылу маусымына қажетті дайындық жұмыстары толық атқарылмайды», - дейді әкімнің орынбасары.
Айта кетейік, былтыр қыста Екібастұз қаласының жылу желісінде ірі апат болып, қатты аязда қала түгелдей жылусыз қалған еді. Биыл жазда жергілікті билік қалалық жылу электр станциясының қазандықтарын жөндеп, 74 шақырым жылу құбырын жөндеген болатын.
Сіздің реакцияңыз қандай?