«Қазақфильм» түсірген фильмнің пайдасынан шығыны көп – Дәулет Мұқаев
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды sadaqmedia.kz сайты
Депутаттың айтуынша, кино – идеологияның негізгі құралы. Алайда ол соңғы кездері кино өнер емес, бизнес болып кеткенін ескертті.
«2023 жылғы 17 маусымда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда отандық кино саласын реформалау қажеттігіне нақты тоқталды. Бірақ бұл саладағы айқай толастар емес. Кино түсіргісі келгендер көбейгенмен, олардың дені өз қаражатына түсіріп жатыр.
Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржылардың көбі «өз араларында» қалып жатқандай көрінеді. Өйткені, Ұлттық киноны қолдау орталығының фильмдері не сұранысқа, не халық тарапынан қолдауға ие емес.
Тіпті, халық қазынасындағы қаржыны миллиондап құмға құйып жатқандаймыз. Мысалы, 2019-2023 жылдар аралығында отандық 100 фильмге шамамен 23 млрд. теңге бөлінген. Ең қызығы оның барлығы 100 пайыз игерілген. Есебі тапсырылып, кино түсірілген.
Енді қараңыздар, Atlas entertainment компаниясы түсірген отандық «Время патриотов» фильміне 1 млрд. қаржы жұмсалса, оның кассалық жинағы небәрі 10 миллион теңге. Бұл кеткен соманың 1 проценті ғана.
Келесі, Satai film түсірген «Боксшы» фильміне 900 млн. жұмсалса, кассалық жинақ небәрі 25 млн. теңгені құрады. Фильмнің идеясы, Олимпиада чемпионы Сапиев туралы екенін білесіздер. Бірақ, кино өте сапасыз әрі көрермендерге әсер сыйлай алмады.
Сондай-ақ, Медет фильм түсірген «Лето 1941-го» отандық киносына 700 млн. қаржы бөлінсе, оның 2 миллионы ғана қайтарылған. Бұл кеткен шығыннан 350 есеге аз.
Және де, «Жизнь» фильміне 500 миллион кетсе, небәрі 650 мың теңгесі қайтқан. Мысалы, орта есеппен кинотеатрлардағы билеттің бағасы 2000 теңгені құраса, онда бұл фильмді 325 адам көріпті-міс.
Сонда сіз болып, біз болып «Жизнь» деген фильмге бюджеттен жарты миллиард кетіріп, 325 адам көру үшін ғана түсірдік пе?!», – деді депутат.
Депутат мемлекет тарапынан бөлінген қаражатқа түсірілген фильмдерді халықтың көріп қуанып жатқаны шамалы екенін ескертті. Дәулет Мұқаевтың айтуынша, отандық киноөндіруші ұйымдардың кинотеатрларда фильмдерді көрсетуінде проблема бар.
«Ол – жарнаманың әлсіздігі, оған арнайы қаражаттың қарастырылмауы. Мемлекет қолдауымен түсірілген фильмдердің жарнамасы жоқтың қасы. Қаншама фильмдер түсіріліп, шаң басқан архивтерде жатыр. Тәуелсіздіктен бері қарай мемлекет қаржысына 600-ден аса фильм түсірілсе, соның ішінде өз-өзін ақтап, пайдаға шыққан фильм тек «Досмұқасан» ғана.
Бәрін айтта, бірін айт, биылғы Ұлттық кино орталығының питчингті өте сәтті ұйымдастырғанын көрдік. Фильмдер әділетті әрі әлеуметтік желіде ашық таңдалды. Сондықтан, жаңа басшылыққа жоғарыда орын алған мәселелерді қатаң ескеру қажеттігін айтамыз. Құрметті Аида Ғалымқызы!
Бүгінде әлемдік тәжірибеде кино экономиканың қозғаушы драйвері болып отыр. Сондықтан мемлекет тарапынан қаншама қаражатқа түсіріліп жатқан фильмдердің қызығын халық көру қажет.
Мемлекеттен қаржылық қолдау алуға үмітті киножобаларымен келген киногерлерді қолдаудың жан-жақты механизімін жетілдіру қажет», – деді депутат.
Сіздің реакцияңыз қандай?