Сұлулықтың соңы сотқа ұласты: Ақтауда пластикалық хирург өтемақы төлейтін болды
Сот анықтағандай, 2022 жылдың маусым айында дәрігер әйелге бет пішінін түзету мақсатында пластикалық ота жасаған. Хирургиялық араласудан кейін пациенттің құлағы мен бет аймағында келоидты тыртықтар пайда болып, жұмсақ тіндерінің жағдайы нашарлаған және сыртқы келбеті өзгерген.
Ақтау қаласында сапасыз пластикалық отадан кейін денсаулығына зиян келген әйелге моральдық өтемақы төлеу міндеті дәрігерге жүктелді. Сот хирургтен 3 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды. Бұл туралы Sadaq.kz сайты Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтау қаласында сот науқастың бет пішінін түзетуге арналған пластикалық ота жасаған хирургке қатысты талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Әйел отадан кейін келоидты тыртықтар пайда болып, жұмсақ тіндерінің жағдайы нашарлағанын және психологиялық күйзеліске ұшырағанын мәлімдеген. Сот дәрігерден моральдық зиян үшін 3 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Ақтау қаласының №2 сотында Б есімді азаматшаның хирург-дәрігер С-ға материалдық шығынды өтеу және моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық ісі қаралды. Дәрігер денсаулық сақтау министрлігі берген мемлекеттік лицензия негізінде хирургиялық қызмет атқарған.
Сот анықтағандай, 2022 жылдың маусым айында дәрігер әйелге бет пішінін түзету мақсатында пластикалық ота жасаған. Хирургиялық араласудан кейін пациенттің құлағы мен бет аймағында келоидты тыртықтар пайда болып, жұмсақ тіндерінің жағдайы нашарлаған және сыртқы келбеті өзгерген.
Алғашқы емдеу шараларына қарамастан, әйелдің жағдайы жақсармаған. Осыған байланысты ол басқа мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
2025 жылы Алматы қаласында әйелге қайта түзету отасы жасалған. Алайда одан кейін бет жүйкесінің бір тармағы зақымданып, жұмсақ тіндерінің деформациясы пайда болған. Осылайша, пациент ұзақ уақыт бойы физикалық жайсыздық сезініп, моральдық зардап шеккен.
Жәбірленуші сотқа жүгініп, сапасыз медициналық қызмет көрсету салдарынан келтірілген материалдық шығын үшін 20 миллион теңге, ал моральдық зиян үшін 10 миллион теңге өндіруді талап еткен.
Сот істің материалдарын зерделей келе, кейінгі емделуге жұмсалған барлық шығынды растайтын құжаттар ұсынылмағандықтан, материалдық залалды өтеу туралы талапты қанағаттандырудан бас тартты.
Сонымен қатар сот-медициналық сараптамалардың қорытындылары медициналық қызметтің сапасыз көрсетілуі салдарынан денсаулыққа зиян келіп, моральдық зардап шеккенін растаған.
Осы мән-жайларды ескере отырып, сот талап-арызды ішінара қанағаттандырып, дәрігер С-дан талап қоюшы Б-ның пайдасына 3 миллион теңге моральдық зиян өтемақысын өндіріп алу туралы шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енген.