9 Ақпан – Мұқағали Мақатаевтың туған күні: Ақиық ақын өмірінен қызық декректер
Қазақ поэзиясының «Мұзбалағы» атанған Мұқағали Мақатаевтың туғанына бүгін 95 жыл. Ол небәрі 45 жыл ғұмыр кешсе де, артына ғасырларға жүк болатын мұра қалдырды. Sadaq.kz ақын өмірінің көпшілік біле бермейтін, бірақ адам ретіндегі болмысын сипаттайтын қызықты деректерді тізіп шықты.
Ақынның азан шақырып қойылған шын есімі – Мұхаммедқали. Алайда халықтың шексіз махаббаты оны «Мұқағали» етті. Бір қызығы, ресми құжатта 9 ақпан деп көрсетілгенімен, анасы Нағиман ақынды Наурыз көже ішіп жатқанда, наурыз айында босанғанын айтқан екен.
Ақынның болмысындағы азат ой мен өр мінезі – Тиын әжесінің тәрбиесі. Әжесінің аңыз-ертегілерімен сусындап өскен ол өз анасын өмір бойы «Нақа» (жеңге) деп атап өтті. Оның «Әже» туралы әңгімелері мен жырлары осы балалық шаққа деген сағыныштан туған.
Мұқағалидың болмысы қазақ тарихының ең қасіретті кезеңдерінде шыңдалды. Ол 1-2 жасында ашаршылықты, 10 жасында соғыстың сұрапылын көрді. Әкесі Сүлейменнен ерте айырылған бала Мұқағали шаңыраққа ие болып, қара жұмысқа ерте араласты. Бірақ білімге деген құштарлық оны Алматыға алып келді. Ол тек филолог емес, ҚазМУ-дың заң факультетінде де білім алды. Тұрмыс тауқыметі оқуын аяқтауға кедергі болғанымен, оның жырларындағы әділдік үшін күрес осы заңгерлік логика мен құқықтық танымнан бастау алғандай.
Мұқағали небәрі 18 жасында Лашын Әзімжановамен отау құрды. Лашын ақынның ең ауыр жылдарында оның тірегі де, қорғаны да болды. Олардың махаббаты албырт шақтың емес, бүкіл ғұмырдың куәсіне айналды.
Ақынның өмірі үздіксіз трагедиялар тізбегі. Ол екі бірдей бауыр еті — қыздарынан айырылды. Тұңғышы Ләззат шетінеп кетсе, сүйікті қызы Майгүл жол апатынан мерт болды.
Мұқағали ауыл мектебінде орыс тілі мұғалімі болып еңбек етіп, әлемдік классиканың есігін ашты. Шекспир мен Дантені қазақша сөйлеткенде, сол мұғалімдік кезден басталған терең тілдік ізденістің пайдасы тиді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0