«Ақын-жазушыға қарап қалатындай не күн туды бастарыңа?» : Ақберен Елгезек шенеуніктерге үндеу жасады
Танымал ақын Ақберен Елгезек әлеуметтік желідегі парақшасында еліміздегі соңғы саяси жаңалықтарға қатысты өткір сынын айтып, билік басындағыларға үндеу жасады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Ақын шенеуніктердің қаламгерлерді қалқан қылып, үгіт-насихат жұмыстарға араластыруды тоқтатуын сұрады.
"Құрметті шенеунік мырзалар мен ханымдар! Өздеріңнің өтпей жатқан ойындарыңды жүзеге асыру үшін ақын-жазушыларды күштеп сөйлетуді доғарыңдар! Әншейінде әдебиетші қауымды “сорлы, бейшарашки” деп менсінбеуші едіңдер, енді сынға ұшыраған жобаларыңа қаламгер қауымның қорғауы керек боп қалыпты ғой! Әдебиетті дамыту керек, рухани түлемеген, кемелденбеген ұлттың болашағы қараң. Әке-көке, азғантай ғана қолдап, көмектесіп жіберіңдерші” деп Одақта жүргенімде, алдарыңа мың барған едім. Сонда миықтарыңнан күліп, шекелерің тырысып, шікірейіп отырушы едіңдер ғой! Енді ақын-жазушыға қарап қалатындай не күн туды бастарыңа?",– деді Ақберен Елгезек.
Мұхтар Шахановты да мәжбірлі насихатқа қосқанын айтып, халықтың ақын-жазушыларға деген ойын өзгертетінін атап өтті.
"Кәрі арыстан Мұхтар аға Шахановтың жағдайын күллі ел көріп отыр. Оны да қинап, Конституцияның жобасын мақұлдатып қойыпсыңдар. Ұят қой! Осыдан кейін бүкіл халық ақын-жазушыны жерден алып, жерге ұрып отырмағанда, нағылсын. Сөйтіп, жазушыны біреу жүндей түтіп жатқанда, қайсың төрелік айтып, қаламгер қауымға араша түсіп едіңдер?! Айтыңдаршы, идеолог ағайлар мен апайлар?! Жұрт жұлмалап жатса, қайта “айтақ-айтақ”, “талаңдар біріңді бірің” деп сықылықтап күліп отырғандарыңды судың бетінен көргендей, біліп-сезіп отырам. Өздеріңе керек болғанда, шашын тарап, бетін майлап, алдап-сулап, үркітіп-қорқытып шығара қоясыңдар! Ұят! Ол жазушының бейшаралығы емес, ол сендердің қолдарынан түк келмей жатыр деген сөз!", –деді.
Ата заңды қаламгерлер мен халықтың сөзінсіз өздері қабылдай тұра, елдің зиялы ұлын осынша қорлағанына ашулы екенін жеткізді.
"Отыз бес жыл ақын-жазушыны осылай арандатып, жексұрын қып бітірдіңдер. Бүгін бәрінің видеоларын көріп, жазбаларын оқып шықтым. Амалсыздан, жұмыстан шығып кетпейін деп бетін басып, жанарын төмен түсіріп, елдің алдында жерге кірердей боп, “Конституция пәт-шәт” деп ұйқаспайтын, келіспейтін сөздерін әрең айтып отыр. Құдай-ай десеңші, өз елінде осындай мүсәпір болар ма еді ақын деген, жазушы деген, сүттің бетіндегі қаймақ деп жүрген ойшылдарымыз?! Елдің зиялысын бұлай қорлауға бола ма?! Не көрінді сонша?! Олардың сөздерінсіз-ақ тізеге басып, қабылдайсыңдар ғой сол Ата заңдарыңды. Абыройын шашып, қаламгерді қосақтың арасына кіргізіп кету керек пе міндетті түрде?!",– деді ақын ашынып.
Ақын өзіне неше түрлі қысым мен ақпараттық шабуылдар жасалғанын жасырмай айтты.
"Реті келгенде айтайын, мені мәселен, ит қосып барлық жерден қудыңдар, істемегенді істедіңдер! “Цензура жоқ, шығармашылыққа ерік беріледі” деп Конституцияларыңа жазып қоясыңдар да, театрлардан спектальдерімді алдырып тастайсыңдар, киномның соңына түсіп, қысып, қадағалап, аз сеанс бергізіп, адал түсірген дүниемді елге көрсетпейсіңдер, басқан ізімді аңдып, аты өшкір “қара тізімдеріңе” тығып қоясыңдар. Онымен қоймай, маған және отбасыма жала жауып, сасық ақпараттық шабуылдар ұйымдастырасыңдар. Президентке мені, отбасымды жамандай жүріп, Одақтан қудыңдар, Құрылтайдан шығардыңдар. Себебі, сендердің осындай тапсырмаларыңды орындамайтын ыңғайсыз адам болдым мен. Жазушыларды мейілінше қорғаған, ә десе мә дейтін адам қайтіп ұнасын сендерге?! Бұл жазбамнан кейін де маған қарсы тағы небір құйтырқы әрекеттер істеулерің мүмкін. Сендерден бәрі шығады. Өйткені ар, ождан деген шекара жоқ іштеріңде. Не істесеңдер де, барлық әрекеттеріңді көріп тұрған бір Аллаға, сосын туған еліме аманаттадым өзімді һәм отбасымды" ,– деді.
Ақберен Елгезек қаламгерлердің қоғамдағы орнын айшықтап, саяси ойындардың оларға жат екенін ескертті.
Жазушы – жаны жараланғыш, жүрегі жұмсақ, баладай аңғал болады. Жазушыға қасиетті қаламды Жаратушының Өзі берген. Басқа-басқа сол жазушы ешқашан Ұлтының тіліне қарсы шықпайды! Өйткені қазақтың сөзі - оның басты қаруы. Тіл құрыса, өзі де, шығармасы да құритынын жақсы біледі. Жазушының қаламын тартып алам я басқаша сөйлетем деген талай дүлейлер өткен тарихта. Өткен, өте береді де. Ал сендер менсінбей жүрген сол қаламгерлер қиындық түссе, бәрібір елдің жағында болады, шығармаларымен ұлттың жүрегін мәңгілік жылытып тұрады. Шенеунікті ел ертең-ақ ұмытады. Өттерің жарылып кетсе де, бұл ақиқат. Сондықтан, аңқау ақын-жазушыларды лас саяси ойындарыңа шылап-былғап, күнәларыңды көбейте бермеңдер" ,– деді Ақберен Елгезек.
Сөз соңында ақын-жазушыларға да үндеу жасады.
"Ал қаламгер қауымға айтарым – абыройларыңды ойлаңдар, аға-бауырлар. Шенеунік келеді-кетеді. Сендердің негізгі басшыларың – ол әуелі Құдай, сосын – қара орман халқың",– деп сөзін аяқтады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
1
Ұнамады
0
Керемет
1
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
3