Ақсу зауытындағы өрт: комада жатқан қыз көз жұмды
Дәрігерлер оның денесінің 80-85 пайызын күйік шалғанын, кейін комаға түскенін хабарлаған еді.
29 мамырда Павлодар ауруханасында өткен аптада "Ақсу ферроқорытпа зауытындағы" (АФЗ) өрттен зардап шеккен 25 жастағы әйел көз жұмды, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
АФЗ-де кран машинисі болып жұмыс істеген оны 25 мамырда санавиациямен Ақсудан Павлодарға жеткізген еді. Өрттен қатты күйген әйел қалалық аурухананың реанимация бөліміне түскен. Дәрігерлер оның денесінің 80-85 пайызы күйік шалғанын, кейін комаға түскенін хабарлаған еді.
"25 жастағы науқас 25 мамырда №1 Павлодар қалалық ауруханасына жеткізілді. Өндірістік жарақат нәтижесінде оның денесі 80-85 пайызын термиялық күйіп қалған. Басы, беті, мойны, денесі, қолдары мен аяқтары күйген. 3-4 дәрежелі күйік шокы. Қыз реанимация бөлімінде, комада", - деп хабарлаған болатын Павлодардың №1 қалалық аурухана мамандары.
Зауыттағы төтенше жағдай 24 мамырда болды, жұмыс кезінде екі кран машинисі термиялық күйік алған.
Алдын ала ақпарат бойынша, 24 мамырда "Ақсу ферроқорытпа зауытында" жұмыс кезінде балқыған металл құйылған ыдыс аударылып кетіп, салдарынан №3 және №4 кран машинистері жараланды деді еңбек басқармасы. Бұл жайтты жазатайым оқиға деп тергеп жатыр.
70 мыңға жуық халқы бар Ақсу қаласында орналасқан "Ақсу ферроқорытпа зауыты" – хром, кремний және марганец қорытпаларын шығаратын әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Ол "Еуразия тобы" (ERG) құрамына кіретін "Қазхром" компаниясына қарайды.
2020 жылы зауыттың 6-цехінде бір кран машинисі жараланып, денесінің 10-12 пайызы күйіп қалған.
Былтыр 21 маусымда зауытта өрт шыққан. Құтқарушылардың дерегінше, №4 балқыту цехінде трансформатор өртенген. Оны сөндіру кезінде бір өрт сөндіруші қолы жараланып, ауруханаға жатқызылған.
Сіздің реакцияңыз қандай?