Ақтөбеде газ құю бекетінде болған жарылыс бойынша сот үкімі шықты
Қайғылы оқиға 19 маусымда Бөкенбай батыр көшесіндегі газ құю бекетінде болған. Сазды ауылынан қалаға келген отбасы газ баллонын толтырмақ болған кезде жарылыс болып, көлік өртенген.
Ақтөбеде газ құю бекетінде болған жарылыс салдарынан әйел мен оның екі қызы қаза тапқан іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Қайғылы оқиға 19 маусымда Бөкенбай батыр көшесіндегі газ құю бекетінде болған. Сазды ауылынан қалаға келген отбасы газ баллонын толтырмақ болған кезде жарылыс болып, көлік өртенген. Салдарынан әйел мен оның 10 және 6 жастағы екі қызы көз жұмды.
Сотта бекетте тәжірибесі жоқ операторлардың жұмыс істегені анықталды. Газ құю кезінде есептегіш 30 литрлік баллонға 40 литрден астам газ құйылғанын көрсеткен. Алайда оператор құюды тоқтату батырмасын білмеген.
Марқұм әйелдің күйеуі сотта айыпталушыны кешіргенін және медиациялық келісімге қол қойғанын айтты. Ал бекет иесі келтірілген материалдық және моральдық шығынды толық өтегенін мәлімдеді.
Сот үкімімен газ құю бекетінің иесі төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі ең төменгі деңгейдегі мекемеде өтейді.