Ақтөбеде ішінде жүкті әйел бар жедел жәрдем көлігі аударылып қалды
Жедел жәрдем көлігінің ішінде науқас болған. Науқас екінші бригаданың көмегімен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Оқиға таңертең Ақтөбе қаласы Сәңкібай батыр даңғылында болды. Жедел жәрдем көлігі мен Toyota соқтығысты. Салдарынан жедел жәрдем көлігі бір бүйіріне қарай аударылды.
"Оқиға салдарынан жедел жәрдем көлігінде болған науқас медициналық мекемеге жеткізілді. Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жолда мұқият болуға және арнайы жарық-дыбыс белгілері қосылған көліктерге жол беруге шақырады",- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы қазір науқасты тексеріп жатқанын хабарлады.
"Жедел жәрдем көлігінің ішінде жүкті келіншек болды. Оны жүктілігінің 39-аптасында перзентханаға әкеле жатқан. Келіншек жол-көлік апаты кезінде жабық бас-ми жарақатын алды, миы шайқалды. Ол Ақтөбе медициналық орталығына жеткізіліп, қосымша тексеру жүргізіліп жатыр. Жағдайын дәрігерлер бақылауға алды. Ал жедел жәрдем бригадасы қызметкерлерінің жағдайы қалыпты. Олар жарақаттанбады",- деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0