Алатау қаласында арнайы крипто-аймақ құрылуы мүмкін

Алматы маңындағы бұрынғы Жетіген ауылы – қазіргі Алатау қаласында жаңа крипто-аймақ құрылуы мүмкін. Ондағы халық дәмхана, мейрамхана және өзге де орындарда криптовалютамен есеп айырысатын болады. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Astana International forum кулуарында осылай деп мәлімдеді, деп жазады Азаттық радиосы.
Оның сөзінше, дегенмен әуелі ол үшін заңнамалық түзетулер қажет.
"Қазір үкімет реттеуші органдармен бірге тиісті орынды таңдау үшін белгілі бір жұмыстарды жүргізеді. Әрине, жаңа Алатау қаласы – CryptoCity үшін ыңғайлы орын" деді Мәдиев. Оның сөзінен "Власть" үзінді келтіреді.
Министрдің сөзінше, бұл "блокчейн индустриясы үшін жақсы серпіліске" айналып, осы салаға ІТ мамандарды тартуы мүмкін.
Ол сонымен бірге ол үшін тиісті нормативтік-құқықтық акт әзірлеу қажеттігін де алға тартты.
"Қала дамып жатыр. Бізге сол үшін реттейтін шарттар керек. CryptoCity-де криптовалютаның еркін айналымы керек, криптоға жайлы заңнама қажет. Онда крипто төлем құралы болады. Осы шарттарды заңнамаға жазу керек" деді Мәдиев.
29 мамырда ертерек Астана халықаралық форумында сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда CryptoCity пилоттық аймағы құрылатынын, онда тауар мен қызмет көрсетуде криптовалюта қолданылатынын айтқан еді.
Былтыр қаңтарда президент Тоқаев 25 мың халқы бар Жетіген ауылын қайта құру туралы жарлыққа қол қойып, елді мекен Алатау қаласына айналып, оған көрші жатқан Еңбек, Құйған, Жаңа арна ауылдары қосылған еді. Бұл ауылдарда жалпы саны 50 мыңға тарта адам тұрады.
"Курсив Медиа" басылымының мәліметінше, 2023 жылы криптовалютаға қаржы салған қазақстандықтар саны 1,5 миллионға жеткен. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Олардың меншігіндегі криптовалюта құны бірнеше миллиард долларға жеткен. Әлемде сұраныс артқан сайын криптовалюта айырбастаушылар да көбейген.
Дегенмен елде оның заңды негізі мен реттеу тетіктері толық айқындалмаған. Бұған дейін Азаттық елде лицензиясы жоқ платформалар бұғатталуға тиіс болса да, Binance және Bybit биржаларының жаһандық құралдары әлі оңай ашылып тұрғанын жазған.
Сіздің реакцияңыз қандай?






