Әлемдік танымал актер Эрик Дэйн өмірден өтті
«Анатомия страсти» және «Эйфория» сериалдары арқылы танылған америкалық актер Эрик Дэйн 53 жасында өмірден өтті. Марқұм он айға жуық бүйірлік амиотрофиялық склерозбен күрескен, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Бұл туралы "People" журналы мәлімдеді.
Эрик Дэйн 2026 жылдың 19 ақпанында дүние салған. Жақындарының айтуынша, актер соңғы күндерін жанашыр достары мен отбасының ортасында өткізген.
Көрермен актерді «Grey’s Anatomy» сериалындағы хирург Марк Слоан бейнесі арқылы жақсы таниды. Бұл кейіпкердің «McSteamy» деген лақап аты да жанкүйерлер арасында аңызға айналған. Одан бөлек, ол «Зачарованные» жобасында Джейсон Динді сомдап, кейін «The Last Ship» сериалында капитан Том Чандлер рөлімен тағы бір белеске көтерілді.
Ал кейінгі жылдары «Эйфориядағы» Кэл Джейкобс образы Дэйннің драмалық қырын айқындап, жаңа буын аудиториясына қайта танытты. People дерегінше, ол диагнозын жариялағаннан кейін де жұмыстан қол үзбей, «Эйфорияның» үшінші маусымына түсірілімді жалғастырған.
Актер 2025 жылдың сәуірінде БАС диагнозын көпшілікке ашық айтқан еді. Бұл дерт жүйке жасушаларын зақымдап, бұлшықет әлсіздігіне, кейін қозғалыстың шектелуіне ұласады. Ауру үдеген сайын тыныс алу, сөйлеу секілді негізгі функцияларға да әсер етуі мүмкін.
Дэйн сырқатпен күресте үнсіз қалмай, ALS бойынша зерттеуді жеделдету, қолдауды күшейту жайын жиі көтерді. Ол I AM ALS ұйымымен бірлесіп, қаржыландыру мен зерттеуді алға жылжытатын бастамаларға үн қосқаны да жазылды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0