Қарағандыдағы өзеннен үш адамның мәйіті табылды
Нәтижесінде 18 қараша күні сағат 01:18-де үш адамның денесі табылды. Олар жағадан 10 метр қашықтықта, 2,5 метр тереңдікте жатқан.
Қарағанды облысында балық аулауға шыққан үш адам, оның ішінде бір әйел суға батып кетті. Құтқарушылар олардың денесін түнгі іздестіру жұмыстары кезінде тапқан, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 17 қарашада болған. Таңғы сағат 06:00 шамасында 1959 және 1963 жылы туған екі ер адам мен 1963 жылы туған әйел Бородиновка ауылынан оңтүстікке қарай 15 шақырым жердегі өзенге балық аулауға аттанған. Алайда олардан хабар болмай, үшеуі де үйіне оралмаған.
Жоғалған адамдар туралы ақпарат құтқару қызметіне сол күні сағат 23:40-та жеткен. Мамандар бірден іздестіру жұмыстарына кіріскенімен, түнгі уақыт пен қараңғылық жұмысты қиындатқан.
Құтқарушылар іздеу барысында ұшқышсыз ұшу аппаратын, тепловизоры бар дүрбіні, сүңгуір жабдықтарын және Starlink спутниктік байланыс жүйесін қолданған.
Нәтижесінде 18 қараша күні сағат 01:18-де үш адамның денесі табылды. Олар жағадан 10 метр қашықтықта, 2,5 метр тереңдікте жатқан.
Алдын ала болжам бойынша, балықшылар мұз астына түсіп, суға батып кеткен. Сонымен қатар марқұмдардың құтқару кеудешесін кимегені белгілі болды.
Қазір оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.