Ақмола облысында алты адам ажал құшты
Алғашқы жол апаты «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолының 412-шақырымында болған. Апатқа Renault Sandero және ВАЗ-2106 маркалы көліктер қатысқан.
Ақмола облысында бір тәуліктің ішінде үш жол-көлік оқиғасы тіркеліп, алты адам қаза тапты. Тағы бірнеше адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Алғашқы жол апаты «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолының 412-шақырымында болған. Апатқа Renault Sandero және ВАЗ-2106 маркалы көліктер қатысқан.
Полицияның мәліметінше, соқтығыс салдарынан ВАЗ-2106 көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмған. Ал Renault Sandero жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілген.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан ВАЗ-2106 автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Renault Sandero көлігінің жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Екінші апат «Астана – Атбасар – Жақсы» автожолының 252-шақырымында тіркелген. Hyundai Accent көлігінің жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды.
Ал үшінші жол апаты «Аршалы – Ерейментау – Павловка» автожолының 19-шақырымында, Тайбай ауылының маңында болған. Honda Odyssey көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, көлікті аударып алған.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөліктің екі әйел жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші мен екі жолаушы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деп толықтырды полиция өкілдері.
Осы оқиғаларға байланысты өңір полицейлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдықтан аспауға және жолда мұқият болуға шақырды.