Шымкентте бензовоз аударылып, бір адам қаза тапты
Қайғылы жағдай 18 қарашада Тұран ауданындағы Ташкент тасжолында болған.
Шымкентте жол апатынан кейін бензовоз аударылып, бір ер адам қаза тапты, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Қайғылы жағдай 18 қарашада Тұран ауданындағы Ташкент тасжолында болған. Төтенше жағдайлар қызметіне өрт туралы хабар сағат 15:58-де түскен. Оқиға орнына құтқарушылар күшейтілген тәртіппен жіберілген.
Құтқарушылар жеткен кезде аударылған бензовозды түгелдей жалын шарпыған. Сонымен қатар жолға төгілген жанармай да тұтанған. Өрт 60 шаршы метр аумақты қамтыған.
Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өртті сөндіру кезінде көлік кабинасынан ер адамның мәйіті табылған.
Қазір полиция қызметкерлері адам өліміне әкелген жол апатының себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.