27 жыл бойы іздеуде жүрген Павлодар тұрғыны Ресейде ұсталды
Мәскеу қаласында ұзақ уақыттан бері іздеуде жүрген Павлодар тұрғыны ұсталды.
1999 жылдан бері іздеуде жүрген Павлодар қаласының тұрғыны Мәскеуде ұсталды. Ол қарақшылық шабуыл жасады деген күдікке ілінген. Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаменті хабарлады.
Павлодар облысы Криминалдық полиция басқармасының жедел-іздестіру тобы Ресей ІІМ Мәскеу облысы бойынша жедел қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы іс-шаралар жүргізген. Нәтижесінде Мәскеу қаласында ұзақ уақыттан бері іздеуде жүрген Павлодар тұрғыны ұсталды.
"Ол 1999 жылы Павлодар қаласында жасалған қарақшылық шабуылға байланысты полициядан бой тасалап, содан бері іздеуде жүрген", – деп хабарлады полиция департаменті.
Айта кетері, биылғы жылдың алғашқы 10 айында облыс аумағында барлығы 82 күдікті іздеуде болған. Оның 62-сіне биыл іздеу жарияланған.
"Іздеуде жүрген 73 күдікті анықталды. Олардың біреуі адам өлтіргені, үшеуі қарақшылық шабуыл жасағаны, тағы үшеуі тонау жасағаны үшін іздеуде болған", – деді Криминалдық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Танжанов.
Сонымен қатар облыс аумағында шет мемлекеттердің құқық қорғау органдары іздестіріп жатқан 31 адам анықталған. Ал Қазақстаннан тыс жерде, шетел мемлекеттерінің аумағында жасырынып жүрген жеті күдікті қолға түскен.