«Құттықтау бағдарламада отырмын деп қалған шығар»: Ардақ Назаров Мәжіліс мінберінде анасын туған күнімен құттықтады

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында халық арасында спортшы ретінде танылған депутат Ардақ Назаров депутаттық сауал қоюдан бұрын анасын туған күнімен құттықтады, деп хабарлады Sadaq.kz.
«Осында отырған барлық азаматтардың артында әлемнің жарық әлемін сыйлаған аналар тұр. Менің анашымның бүгін туған күні, 70 жасқа толып отыр. Құттықтауға рұқсат етсеңіз», - деген ол анасына ақ тілегін жаудырды.
«Қадірлі анашым, Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің мейірімге толы жүрегіңіз бен жүзіңізден төгілген нұрға шомылып өстім. Анашым, әкетайым екеуіңіз құстың қос қанатындай мәңгі бірге болып, Құдай бере салған немелеріңіздің қызығын көріңіздер. Анашым, мен сізді қатты жақсы көремін, Сіздің алдыңызда басымды иемін. Баршаңыздың аналарыңыз аман болсын!», - деген ол ары қарай депутаттық сауалын жалғастырды.
Депутаттың құттықтауына әріптестері қол шапалақтап қолдау көрсетті. Дегенмен, депутаттың парламент мінберіндегі мұндай әрекеті жұрт арасында түрлі пікір тудырып жатыр.
Мәселен, журналист Диас Нұрақын "Мәжіліс мінберінен анасын туған күнімен құттықтап, заң шығарушы органды "Сазды сәлем!" бағдарламасына айналдырды. Ізгі тілектен кейін бірден депутаттық сауалын жолдағаны жақсы болды. Ерлан Жақанұлы, артынан "Анашым қартаймашы" деген әнді қойып берсеңіз деп өтіне ме деп зәре-құтым қалмады, құрсын!", - деп жазған.
Сол секілді журналист Гүлбану Әният та "депутаттық сауал жолдамас бұрын анасын туған күнімен құттықтапты. Бір күні парламентте той жасап жүрмесін" деп Ардақ Назаровтың бұл әрекетінің дұрыс еместігін меңзеп өткен.
Пікірлер арасынан "Потолок! 98 депутат әке-шешесін юбилейімен құттықтап отырса, жетіскен екенбіз. Өте орынсыз, қарап отырып ұялып кеттік. "Құдай бере салған ұл-қыздарыңыздың" деп кухняда отырғандай" немесе "Келесіде бойдақ депутаттар қызға сөз салса болады екен", "ТВ-ның құттықтау бағдарламасында отырмын деп қалған шығар" деген пікірлерді де оқып қалдық.
Сіздің реакцияңыз қандай?






