Астанада тарихи-мәдени ескерткіштер жалға берілмек

Қараша 12, 2025 - 15:39
Қараша 12, 2025 - 15:56
Астанада тарихи-мәдени ескерткіштер жалға берілмек

Аталған мәселе бүгін қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында талқыланды.

"Сіздердің назарыңызға Астана қаласының аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерді жалға беру ақысын белгілеу туралы шешім жобасы ұсынылады. Аталған бастама Премьер-министрдің 2025 жылғы 13 тамыздағы өкімімен ұйғарылған және 2025 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне, Астана және республикалық қалаларда ұлттық жобаларды дамыту, кәсіпкерлік және мемлекеттік органдардың мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заңына негізделген", - деді Астана қаласының мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов мәслихат отырысында.

Басқарма басшысының мәліметінше, бүгінде елордада жергілікті маңызы бар 43 тарихи-мәдени ескерткіш бар, оның 26-ы қала құрылысы және сәулет ескерткіші, 7 монументтік ескерткіш. Олардың қатарында Октябрь кинотеатры, Бейбітшілік және келісім сарайы, бас мешіт, Кенесары ескерткіші, С. Сейфуллин ескерткіші тағы басқа.

"Жалға алу құны әр ескерткіштің түрі бойынша бір шаршы метрі бір айлық есептік көрсеткішпен есептеледі", - дейді ол.

Осы орайда мәслихат депутаттары Мәдениет басқармасының басшысына ескерткіштерді жалға берудің қалаға қандай пайдасы бар деген сауал қойды.

"Жеке меншік ұйымдар, мекемелер ескерткіш маңында іс-шара өткізетін болса, олар мемлекетке салық төлейді. Бірақ, бұл жаңашылдықтың мемлекеттік мекемелерге қатысы жоқ, мемлекеттік мекемелер біздің ғимараттарда іс-шаралар өткізіп жүр. Бұл жеке ұйым, мекемеге қойылатын талаптар", - деп жауап берді Жаңабай Мейірманқұлов.

Дауысқа салу нәтижесінде мәслихат депутаттары аталған бастаманы бірауыздан қолдады.

Қазақпарат 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow