Атышулы шымкенттік емші 31 жыл бұрын адам өлтірген болып шықты

Сондай-ақ ол психикалық ауытқумен есепте тұрған. Емші ісіне қатысты жабық сот процесі өтіп жатыр.

Маусым 18, 2024 - 15:28
Маусым 18, 2024 - 15:29
Атышулы шымкенттік емші 31 жыл бұрын адам өлтірген болып шықты

Шымкентте қамқорлыққа алған және асырап алған балаларына жауыздық танытқан емшінің бұған дейін адам өлтіргені расталды, деп хабарлайды inform.kz сайты.

Сондай-ақ ол психикалық ауытқумен есепте тұрған.

Емші ісіне қатысты жабық сот процесі өтіп жатыр.

Сот отырысына келген қалалық білім басқармасы қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің маманы Жадыра Тоғысбекова тілшілерге берген сұхбатында ер кісі бала асырап алмас бұрын жұбайы екеуі бала асырап алу бойынша арнайы курстан өткенін және бірнеше құжат ұсынғанын айтты. 

Бұл құжаттар ішінде емшінің бірқатар медициналық анықтамада дені сау екені, бұрын сотталмағаны көрсетілген. 

Басқармадағылар биыл мамырдың 27-сінде прокуратураға сұраныс жіберген. ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика комитеті «Ақпараттық қызмет» жүйесі жасаған құжатта емшінің 1993 жылы «абайсызда адам өлтіру» бабымен істі болғаны және психикалық ауытқуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылып, ол мәжбүрле емдеуге жіберілгені көрсетілген. 

Айта кетейік, емшіге сот актісі бүгін жарияланады. 

Бұған дейін Шымкентте жергілікті емшінің 6 баланы қамқорлыққа алып, оларға ит пен мысықтың етін бергенін, мал бақтырып, үш жылдан бері азаптап келгенін жазған болатынбыз.

Ол қазір арнайы ауруханада жатыр.

Кейінірек емші туралы тың дерек шықты. Балалардың елдің бірнеше қаласынан асырап алынғаны белгілі болды.

Емші ісінен соң білім саласының бірқатар қызметкері жазаланды.

Асырап алынған балалардың арасында үш айлық егіз де бар.

Бүгінде қоғамдық резонанс туғызған іс сотқа келіп түсті.

Бірер күн бұрын осы балаларға қамқорлық емес, қорлық көрсетті деп айыпталып жатқан емшінің ісін қарайтын судья белгілі болды.

Ал Оқу-ағарту министрлігі бала құқықтарын қорғау комитеті шымкенттік емші ақыл-есі сау деген құжат өткізгенін мәлімдеді.  

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow