«Әйеліме «қандай әдемісің» деп лүпіл басқан»: Берденовке оқ атқан айыпталушы өз шындығын айтты

Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты сот процесі басталды. Айыпталушы Ернар Жиенбай шенеунікке қастандық жасау себебін айтып берген. Бұл туралы sadaq.kz сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
6 тамызда басты сот процесі айыпталушыны сұраққа алудан басталды. Жиенбайдың айтуынша, жанжалдың туындауына жұмыс мәселесі емес, қызғаныш себеп болған.
"Қоғам, халық естісін деймін. Бұл оқиғаның жұмысқа еш қатысы жоқ. Бәрі қызғаныштан болды", – деді Жиенбай.
Соттағы жауап алу кезінде Ернар Жиенбай отбасына қатысты айтып, әлеуметтік желілерде тараған қауесеттерді жоққа шығаруға тырысты.
"Алтыншы сыныптан бастап бірге оқыдық – менің адал жарым, сүйікті әйелім. Ол ешқашан бөтен адаммен сөйлескен емес. Әлеуметтік желілерде жазғандай жеңіл жүрісті емес, жақсы отбасынан шыққан тәрбиелі қыз", – деді айыпталушы.
Ол сондай-ақ тұңғыш ұлының аутизм диагнозымен өмірге келгенін айтты. Ерлі-зайыптылардың көршілес көшеде дәл осындай диагнозы бар баланы тәрбиелеп отырған отбасымен аралас-құралас болғанын жеткізді. Жиенбайдың сөзінше, ол отбасы Руслан Берденовтің туыстары болған, ал әйелі оларға жиі барып, бірге дамытушы шараларға қатысқан.
"Әйелім Берденовтермен бірге "қара кассада" ойнайтын отырыстарда да болған", – деді айыпталушы.
Біраз уақыттан кейін әйелі телефонына Руслан Берденовтен хабарлама келгенін айтқан Жиенбай:
"Телефонды қарап отырсам, Руслан Берденов "Сен әдемісің" деп лайк қойып, хат жазыпты. Ол кезде мен ештеңе ойлаған жоқпын. Мен де ондай сөздерді әпкелеріме айтам", – деді.
Айыпталушы қастандық жасалған күннің алдында Берденовтің қабылдауына бармақ болғанын айтып, сол кезде әйелі дайындап үлгермеген киімі туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, көйлектің етегі күйіп қалғанын байқап, ашуланған.
"Мен асығып жатыр едім. Сол кезде әйелім Руслан Берденовтің қандай киім киетінін айтып кетті. Сөйтсем, ол 5 миллиондық костюмдер киеді екен. Бұл да қастандық жасау себептерінің бірі болды деп ойлаймын", – деді Жиенбай.
Сот процесі мемлекеттік тілде, ашық түрде өтуде. Руслан Берденов сотқа қатысып жатқан жоқ. Оның өкілі – Жеңіс Тыныбек жәбірленушінің қазіргі уақытта ем қабылдап жатқанын айтты. Сот залында айыпталушының әйелі де қатысуда.
Сіздің реакцияңыз қандай?






