BaiQymyz фестивалінде 16 тоннаға жуық қымыз ұсынылады

Халқымыздың ежелгі әрі киелі сусыны – қымызға арналған бұрын-соңды болмаған көлемдегі BaiQymyz фестивалі екі күн болады, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Гастрофестивальге еліміздің барлық өңірінен 50-ден астам қымыз өндіруші қатысуда. Жалпы көлемі 16 тоннаға жуық қымыз ұсынылуда. Оған қатысу тегін.
Фестивальге 50-60 мың адам келеді деп жоспарланған. Қонақтар екі күн бойы әртүрлі өңірлік қымыздан дәм татып, шипалы сусынның қасиетімен танысады. Қымыздың емдік қуаты мен дәстүрлі дайындалу әдістері шеберлік сабақтары мен ғылыми конференцияларда кеңінен талқыланады.
«Ең үздік қымыз» атағы үшін байқау фестивальдің басты оқиғасы болмақ. Сапасы мен дәмі үйлескен, дәстүрлі әдіспен дайындалған ең шипалы қымыз иелері қомақты жүлде қорына ие болады. Жүлде қоры – 45 миллион теңге: I орын – 20 млн теңге; II орын – 15 млн теңге; III орын – 10 млн теңге.
Қымызбен қатар, шара аясында жылқы көрмесі, қазақи тұқымдарды таныстыру, ат әбзелдері жәрмеңкесі, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер шеберлерінің шеберлік сабақтары, ғылыми конференция және аукциондар да өтіп жатыр.
Фестиваль қонақтары Германия, Ресей, Қырғызстан елдерінен келген ғалымдар, дәрігерлер мен ветеринарлардың баяндамаларын тыңдап, қымыз капсулалау, ашыту технологиясы, сақтау әдістері сияқты заманауи тәсілдермен танысады.
Сіздің реакцияңыз қандай?






