«Балаң денсаулығын «қойып береді» деді»: Шерзаттың әкесі төбелестің қалай басталғанын сотта айтып берді

Талғар қаласында орын алған қайғылы оқиға бойынша жалғасып жатқан сот процесінде марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов куәлік берді. Ол төбелестің қалай басталғаны жөнінде толық түсінік беріп, оқиғаның себептерін тарқатты,
Әкесінің айтуынша, жанжал сол күні дүкен алдында басталған. Дархан есімді жігіттің мас күйде болғанын және өзіне дөрекі сөйлегенін атап өтті.
«Сыра мен темекі алып кетті. Сол уақытта марқұм балам қуаттағышын алуға келді. Дархан қайта келді, сөйлескен кезде маған дөрекі сөйлегенін байқадым. Мас адам ғой, боқтанып сөйледі», – дейді ол.
Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, терезе ашық тұрғандықтан сырттағы дауыс естіліп тұрған. Шерзат Дарханның артынан шығып, екеуі сөзге келіп қалған. Сол сәтте төбелес басталып кеткен.
«Мен шығып үлгергенше бала ұрып жіберді. Ажыратып алдым. Балаға ескерту жасадым. Дүкенге кіріп, Дарханнан кешірім сұрадым. Ауруханаға апарайын, ақыңды төлейін, ішкің келсе, соны да берейін дедім», – дейді әкесі.
Ол кешірім сұрағанымен, Дархан ашуын баса алмағанын айтты.
«Кешірмеймін, балаларды шақырамын, балаң денсаулығын қойып тастайды. Балаң жауап береді», – деп айтып, кетіп қалды», – дейді Қаржаубай Нұрымов.
Ол жағдайды ушықтырмауға тырысқанын, дау-дамайды өзара шешуді ұсынғанын жеткізді. Бірақ кейін бұл жанжалдың соңы қайғылы жағдаймен аяқталғанын барша жұрт біледі.
Сіздің реакцияңыз қандай?






