«Байыпсыз блогер мен кереғар коучке еліктейді»: Депутат жастарды инженерлік мамандықтарға тартуды ұсынды
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дихан Қамзабекұлы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа және Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституцияда мәдениет, білім, ғылым және инновацияға ерекше мән берілген. Сондықтан бұл құндылықтарды мектептен бастап дәріптеп, жас ұрпақты инженерлік және технологиялық ізденіске баулу қажет.
«Өкінішке қарай, бүгінгі жасөспірімдер мен жастардың біршама бөлігі қайбір байыпсыз блогер мен кереғар коучке еліктейтіні, тіпті көп тер төкпей-ақ мол қаржы табуға сенетіні байқалады. Бұл – дана Абай сынаған «бес дұшпан істің» бастауы. Еліміз «Әділет!» деп жаңарғанда, бұрынғы-кейінгі тоғышарлыққа, орынсыз еліктеп-солықтауға жол жоқ!»,– деді ол.
Оның айтуынша, мемлекетшіл тұлғаларды білім жүйесінің барлық деңгейінде насихаттау – елдің адам капиталын дамытуға ықпал етеді.
«Кәсіптің жаманы жоқ. Алайда дәл қазір елімізге инженерлік, технологиялық ой, ізденіс, өнертабыс ауадай қажет. Иә, рухани жетілу ұмытылмайды. Тереңірек қарасақ, Тәуелсіздік мұратының өзі – мәдени қазына, адастырмас темірқазық», – деді депутат.
Дихан Қамзабекұлы Үкіметке ғылым мен технология саласын дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныс жасады.
«Ғалым, инженер, өнертапқыш және өзге де интеллектуал тұлғалардың қоғамдық бейнесін қалыптастыруға бағытталған жоба әзірленсе. Ғылымға, технологияға айрықша үлес қосқан бұрынғы-кейінгі тұлғаларды бұқаралық ақпарат құралдарында, цифрлық платформаларда үзбей кеңінен насихаттау жолға қойылса. Инженерлік-техникалық, жаратылыстану мамандықтарына талантты жасөспірімдер мен жастарды тарту мен баулу тиімді бағдарламалары жасалса. Орта білім жүйесінің, соның ішінде келешек мектептері мен Оқушылар сарайларының жұмыс нәтижесіне (КРІ) инженерлік-техникалық, жаратылыстану мамандықтарына қатысты конструкторлық алаңдар мен үйірмелердің табысы жеке көрсеткіш болып енсе», – деді депутат.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0