Бектенов аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілін енгізуге бір ай уақыт берді
Ұлттық экономика министрлігіне түзетулер пакетін пысықтап, мемлекеттік органдармен жедел келісу міндеті жүктелді.
Премьер-министр Олжас БектеновҮкімет отырысында Салық кодексіне нысаналы түзетулер әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Нақтырақ айтқанда, Ұлттық экономика министрлігіне түзетулер пакетін пысықтап, мемлекеттік органдармен жедел келісу міндеті жүктелді.
Жеке қарастырылатын мәселе – ірі капитал иелеріне салық салу. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері бір ай ішінде халықаралық тәжірибені зерделеп, аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін ұсынуы керек. Сонымен қатар Қаржы министрлігі жергілікті жерлерде салық жинау деңгейін арттыру, көлеңкелі экономиканың үлесін азайту және жасанды интеллект құралдарын қолдана отырып, салықтық және кедендік әкімшілендіруді толық цифрландыру жұмыстарын аяқтау жөнінде шаралар қабылдасын, – деп тапсырды Олжас Бектенов.
Ол сондай-ақ Мемлекет басшысы цифрлық трансформация дәуірінде мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттыру маңызды екенін атап өткенін еске салды.
Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай ішінде мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кешенді жоспарының жобасын әзірлеп, енгізу міндеті жүктелді.