Шымкентте екі рет егіз босанған әйел үшемді дүниеге әкелді
Үшем шала туғандықтан, алғашқы күндері реанимация бөлімінде ем қабылдап, кейін арнайы күтім бөліміне ауыстырылған.
Шымкентте 36 жастағы әйел үшем босанып, 10 баланың анасы атанды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Ажар есімді әйел бұған дейін екі рет егіз босанған. Бұл жолы отбасында екі қыз бен бір ұл дүниеге келді. Сәбилер 17 қыркүйекте Шымкент қалалық перинаталдық орталығында туған. Оларға Альсия, Сафия және Аймұхаммед есімдері берілген.
Үшем шала туғандықтан, алғашқы күндері реанимация бөлімінде ем қабылдап, кейін арнайы күтім бөліміне ауыстырылған. Қазір сәбилердің жағдайы қанағаттанарлық, салмақтары екі келіден асқан. Дәрігерлер оларды үйіне шығаруға дайындап жатыр.
Отбасында бұған дейін жеті бала тәрбиеленіп келген. Әкесі Тұрар жеке кәсіпкер болса, анасы үй шаруасымен айналысады.