Боксшының жеңгеніне қуану тобырлық сананың белгілері — журналист Дархан Әбдік

Боксшылардың төбелесіне, олардың бірі екіншісін ұрып жеңгенге сырттай қарап қуану, шаттану тобырлықтың белгісі. Белгілі сыншы, журналист Дархан Әбдік қазақ қоғамындағы қазіргі көрініске баға берді, деп хабарлайды sadaq.kz.
Қанша жерден чемпиондар шықса да одан қазақ еліне келіп кетер пайда жоқ және ел де, қоғам да дамымайды. Боксшылар қанша жерден мықты болса да одан адам санасы серпіліп, ақыл көбеймейді.
«Қазақтар бокста біреуді барып жеңіп жатса, содан бір жағдайымыз жөнделіп кететіндей , экономикамыз өркендеп кететіндей қуанамыз. Көру керек , бірақ оған соншама шаттанып , кеңірдек жұлып, қайғыратындай себеп таппаймын. Бұл деген тобырлық сананың белгілері. Тобыр өлердей қуанады», — деді журналист.
Бокстасып немесе төбелесіп жүрген спортшылар қит етсе «қазақтың атын шығарам» деп елеурейтін, өзеурейтін болған. Одан елдің аты шығып, әлем Қазақстанды мойындап кетпейді. Бұл тек спортшының өзі немесе оның айналасындағы топ үшін ғана пайда деп санайтынын айтты Dope soz подкастына берген сұхбатында журналист.
«АҚШ-та Майк Тайсон немесе Мұхаммед Әли жеңген кезде ойбай АҚШ деп туларын желбіретіп айғайлай ма? Олар спорт деп қарайды. Спорт деген әр адамның жеке мансабы ғой. Одан ұлт та, қоғам да дамымайды. Ол адамның жеке басының жігерінің мол екенін, оның еңбекқор екенін көрсетеді. Спортта ұлы тұлға болуға болады және өмірде түкке тұрмайтын адам болуға болады. Путиннің парламентінде бәленбай әлем чемпионы отыр, бірақ олардың ешқайсысы Украинаға байланысты жұмған аузын ашпайды. Біздің парламентте де отыр боксшылар», — деп сынға алды Дархан Әбдік.
Сіздің реакцияңыз қандай?






