Черчесов орнында қалды
Қазақстан футбол федерациясының президенттігіне жақында сайланған Марат Омаров бас бапкер Станислав Черчесовпен жұмысты ары қарай жалғастыратынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Станислав Черчесов Қазақстан ұлттық құрамасын 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аяқталғанша жаттықтыратын болады.
"Черчесов Қазақстан құрамасымен жұмысын жалғастыруда. Ол федерация президентімен кездесу өткізіп, әлем чемпионатының іріктеуіне дайындық жоспарын талқылады. Наурызға дейін уақыт аз қалды, ешқандай өзгерістер күтілмейді, бәрі жұмыс тәртібінде. Федерация тарапынан бапкерге сенім бар ма? Әрине, ол командамен жұмысын жалғастыруда", — деді "Матч ТВ" арнасына Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) басқарушы директоры Қайсар Бекенов.
Бұған дейін Черчесов пен Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті Марат Омаровтың кездескені жайлы айтылған еді. Желтоқсан айында комментатор Ермұхамед Мәулен өзінің Telegram-арнасында жаңа ҚФФ президенті Марат Омаров Черчесовты отставкаға жібереді деп жазған болатын. Кейін федерацияның баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Ресейлік маман 2024 жылдың маусым айында Қазақстан ұлттық құрамасын бас бапкер ретінде қабылдады, бұл қызметте ол Магомед Адиевті ауыстырды. Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатына қатысу құқығын ала алмады, қазіргі уақытта Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) рейтингінде Мавритания мен Намибияның арасында 110-орында тұр.
Қараша айында Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі соңғы матчында Норвегиядан 0:5 есебімен жеңіліс тапты. Ұлттық құрама 1 ұпай жинап, келесі маусымды Лига C-де өткізеді. Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчтарын наурыз айында Уэльс және Лихтенштейн командаларына қарсы өткізеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?