«Денесіне 21 рет пышақ сұққан»: Жаңаөзен тұрғыны дәрігерді медбике әйелін қызғанғаннан өлтіргені анықталды
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында 29 жастағы дәрігер Нұрдәулет Аманғалиев аурухана дәлізінде пышақ жарақатынан қаза тапты, деп хабарлайды Sadaq.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға емдеу мекемесінің ішінде болған. Мәліметке сәйкес, терапевтке белгісіз ер адам суық қарумен тап берген.
Ақ халаттылардың айтуынша, күдікті дәрігерге бірнеше рет пышақ сұғып, ауыр жарақат салған. Марқұм алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Туыстарының айтуынша, қылмысқа кәсіби қызметі себеп болмаған. Олардың мәлімдеуінше, күдіктінің жұбайы осы ауруханада медбике болып жұмыс істеген, ал ер адам қылмысқа қызғаныштан барған.
Жақындарының сөзінше, дәрігер 21 жерден пышақталған. Марқұмның анасы ұлының өліміне қатысты кешірім бермейтінін айтты.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігер мойын, кеуде қуысы мен қол тұсынан ауыр жарақат алған. Ірі қан тамырлары зақымдалып, көп мөлшерде қан жоғалтқан.
Ақтаудан арнайы келген дәрігерлер шұғыл операция жасағанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Нұрдәулет Аманғалиев Марат Оспанов атындағы университетте 9 жыл білім алып, бір жыл бұрын Жаңаөзен қаласына жұмысқа орналасқан. Артында екі баласы қалды. Әріптестері оны жұмысына адал, жауапты әрі болашағынан үлкен үміт күттірген жас маман ретінде сипаттайды.
Полиция аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Құзырлы органның мәліметінше, күдікті өз еркімен полицияға берілген.
Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
2
Қайғылы
0
Жарайсың
0