«Денесін үтікпен, ернін шанышқымен күйдірген»: Шымкентте балаларын қорлаған анаға үкім шықты
Шымкентте балаларының денесіне үтік басып, ернін шанышқымен күйдірген ана 5 жылға сотталды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Туған перзенттерін аяусыз азаптаған әйел мұндай кәтігездікке ақшаның жоқтығына барғанын айтып ақталды.
Сотта әйелдің 8 жастағы ұлының аузын қызып тұрған шанышқымен күйдіріп, 11 жастағы қызының шашын ұстарамен алып тастағаны айтылды. 29 жастағы Гүлмира Ергешованың туған перзенттеріне көрсеткен қорлығы мұнымен бітпейді.
"Үтікті қыздырып басып, үстеріне шығарып отырып, қызының ішіне басқан. Ұлының бетіне, жамбас тұсына бірнеше жерге қызып тұрған үтікпен басып, оларға тән азаптарын келтірген. Бұдан бөлек, қыстың қақаған күнінде қаңтардың 12-сі күні Қошқар ата өзеніне апарып, екеуін зорлап мұздай өзен суына түсіріп, сол жерде тұншықтырған", – деді Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Алтынай Білтебай.
Қаршадай балаларына жасаған озбырлығы үшін прокурор Ергешованы 4 жыл 8 айға соттауды сұраған. Алайда сот балаларын қорғауы керек ананың көрсеткен қорлығы үшін 5 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Тым ауыр жаза берді деген келіншек бәріне күйеуі мен енесін кінәлі дейді. Сөзінше, күйеуі төрт баламен тастап, ішерге ас таппай қалған.
“Мен 10 жыл көрген өмірімді, енді жарылдым. Енемді де, күйеуімді де құдайға тапсырдым. Құдайы жазасын берсін. Өш алу жағдайым болмаған. Аффект жағдайында болғанмын. Көзіме ештеңе көрінбеді. Мені бір тиынсыз қалдырып, күйеуім Францияға кетіп қалды. Тамақ жоқ. Үйде газ жоқ. Солардың кесірінен мен қатты ашуға берілдім. Соттың үкімімен келіспеймін. Тым қатал жаза", – деді сотталушы.
Адвокаттың айтуынша, жәбір көрген балалар сотта анасын кешіретінін айтқан. Алайда, ол сөздер үкімнің жұмсаруына әсер ете алған жоқ. Қазір 4 бала да мемлекет қарауында.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0