Депутат «Руың кім?» фильмінің авторларын трайбализм үшін сынға алды
Мәжілісте депутат Ерлан Саиров «Руың кім?» фильмінің авторларын трайбализм үшін сынға алды. Ол қазақтарды руға бөліп көрсететін фильмдер мен әлеуметтік желілер ұлт бірлігіне нұқсан келтіруі мүмкін деген пікірде. Депутат премьер-министр Олжас Бектеновке тиісті шаралар қабылдауды талап етіп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта қоғамда медиа мен коммерциялық өнімдер арқылы рулық бөлінуді насихаттау сияқты қауіпті үрдіс күшейіп келеді. Бұған мысал ретінде ол ру атаулары жазылған киімдерді және жуырда прокатқа шыққан «Руың кім?» фильмін атады.
«Фильмді жарнамалау үшін арнайы жасалған экспозицияда Қазақстан картасын үш жүзге бөліп қойған. Міне, осы! Бұл не деген бассыздық?! Біртұтас мемлекет идеясы қайда?» - деді Ерлан Саиров Мәжіліс мінберінен.
Оның сөзінше, мұндай фильмдердің мақсаты - «ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты дабырамен көтеріп, көрермен жинау», алайда соның нәтижесінде ұлт бірлігін бұзатын қауіпті әлеуметтік контент пайда болуда.
«Шығармашылық еркіндік қажет. Бірақ қазіргі тұрақсыз кезеңде ол ұлт бірлігін күйретіп, мемлекеттіліктің тамырына балта шабатындай деңгейге жетпеуі тиіс», - деп атап өтті депутат.
Саиров бірқатар шара ұсынды:
- Ақпарат және мәдениет министрлігі жанынан отандық фильмдерді ұлттық бірлік тұрғысынан талдайтын тұрақты комиссия құру;
- трайбализмді және қоғамды жікке бөлуді насихаттайтын арандатушылық материалдарға тыйым салу;
- Қазақстан халқының тұтастығын көрсететін контент өндірісін арттыру.
«Егер біз “Қазақстанды мәңгілік ел, мәңгі мемлекет етеміз” десек, ұлт ішіндегі руларды бір-біріне айдап салатын материалдарды тоқтатуымыз қажет», - деді депутат.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының сөзін еске салды:
«Өскелең ұрпақ бақытты, бақуатты өмір сүруі тиіс. Ол үшін барлығымыз біртұтас ұлтқа айналып, аянбай еңбек етуіміз керек. Бұл - бәрімізге ортақ аса маңызды міндет».
Депутат кино мен медианың жасөспірімдерге тәрбиелік ықпалына қатысты мәселелерді бақылаусыз қалдыруға болмайтынын, әсіресе елдің бірлігі мен тұтастығын сақтау басты басымдыққа айналған кезеңде бұл аса маңызды екенін атап өтті.
Бүгін «Руың кім?» фильмі премьерасынан бірнеше апта өткен соң прокаттан алынды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0