«Есірткі қолданған»: Алматыда дін қызметкері қамауға алынды
Қазақстанда бұрын Астана және Алматы епархиясында қызмет еткен дін қызметкері Иаков (Владимир) Воронцов ұсталды. Ол Ресей православ шіркеуін ашық сынға алып, 2023 жылы Қазақстанда Мәскеуден тәуелсіз православ қауымын құруға әрекет жасаған, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Дін қызметкерінің адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің мәліметінше, қазір Воронцовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ол бұған дейін Ресей православ шіркеуінің ұстанымдарын сынға алып, Ресейдің Украинаға басып кіруіне қарсы пікір білдірген. Сонымен қатар Қазақстанда Мәскеуге бағынбайтын православ шіркеуін құру бастамасын көтерген.
Журналист Данияр Молдабековтің айтуынша, күштік құрылым өкілдері жұмаға қараған түні Воронцовтың үйіне кіріп, тінту жүргізген. Кейін оны уақытша ұстау изоляторына жеткізген. Алматы полициясы дін қызметкерінен «ұнтақ тәрізді заттар» табылғанын хабарлады. Медициналық тексеріс оның есірткі қолданғанын көрсеткен. Адвокаттың сөзінше, оған медициналық емес мақсатта есірткі қолдану бабы бойынша айып тағылған.
Воронцов Қазақстанда дүниеге келген, Алматыда тұрады. Ол 2023 жылға дейін Қазақстандағы Ресей православ шіркеуінде қызмет еткен. 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруін ашық сынап, бейбітшілікке шақырған православ дін қызметкерлерінің үндеуіне қол қойған.
2023 жылдың тамызында ол Facebook желісінде Ресей православ шіркеуін қатаң сынаған жазба жариялап, оны «барлық діндердің ішіндегі ең жаманы» деп атаған. Кейін бұл сөздерін жеккөрушілік емес, «фашизмге қарсы реакция» деп түсіндірген.
2022 жылдың наурызында ол қызметінен шеттетілді, ал 2023 жылы митрополит оның шіркеу қызметін атқаруына ресми түрде тыйым салды. 2024 жылдың шілдесінде патриарх Кирилл Воронцовты діни санынан айырды. Сол жылдың желтоқсанында ол Қазақстанда Мәскеуден тәуелсіз православ шіркеуін ашатынын мәлімдеді, бірақ билік тіркеуден бас тартты. Кейін Алматы соты бұл шешімге қатысты шағымды қарауға қабылдады.
2023 жылдың желтоқсанында оған «діни алауыздық қоздырды» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Алайда 16 айдан кейін, 2025 жылдың мамырында бұл айып толықтай алынып тасталды. Адвокаттың айтуынша, екі лингвистикалық сараптама қылмыс құрамының жоқ екенін көрсеткен.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0