Giorgio Armani атынан шағым: Белсенділердің Инстаграм парақшаларындағы жазбалар жаппай жойылуда
Танымал журналист Асхат Ниязов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында референдум қарсаңында белсенділердің жазбаларына жасалып жатқан фейк шабуылдар туралы жазды. Ол Инстаграмдағы авторлық құқық шағымдары арқылы маңызды посттарды өшіру әрекетін «қысым көрсетудің жаңа әдісі» деп атады, деп хабарлайды Sadaq.kz ақпараттық порталы.
Мәліметтерге сүйенсек, Жұрттың Баласы (@asianflashh) мен Әсем Жапишеваның (@asem.zhapisheva) парақшаларындағы жүздеген посттар жойылған. Қызығы, шағым иесі ретінде әлемге әйгілі "GIORGIO ARMANI S.P.A" компаниясы көрсетілген. Алайда, байланыс үшін қалдырылған электронды пошта мекенжайлары күдік тудырады.
Бұл жағдайдың абсурдтығы сонда — шағымданушы ретінде әлемдік дизайнердің есімі таңдалған. Асхат бұл шабуылдарды фейк аккаунттардан түскен негізсіз шағымдардың нәтижесі деп санайды. Ол мұндай әрекеттердің өткен жылы да болғанын, бірақ ол кезде шағымданушылардың пошта мекенжайлары қазақстандық әкімдердің есімдерімен аталғанын еске салды.
«Аға, ұят қой. Сондай құрметті дизайнер бола тұра, мұндай бос әурешілікпен айналысқанша, жай ғана Конституцияны қолдап ән айта салсаңыз болар еді», — деп жазды Асхат Ниязов Giorgio Armani-ге қарата айтқан мысқыл пікірінде. Осы арқылы ол насихаттық ән айтып жүргендерді де бір сынға алды.
Журналист бұл әрекеттердің астарында белсенділердің үнін өшіру мақсаты жатқанын атап өтті. Ол Инстаграмның алгоритмдерін пайдаланып, жалған шағымдар арқылы қоғамдық маңызы бар ақпараттарды жою әдісінің жиілеп кеткеніне қоғам назарын аудартты.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0