«Іле-Балқаш» резерватында Үміт есімді жолбарыс табиғатқа жіберілді
Қазақстанда 70 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет Үміт есімді аналық жолбарыс 31 шілде күні «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына жіберілді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Бұл – жолбарысты тарихи мекендеу ареалына қайтару және оның популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы аясындағы алғашқы практикалық қадам. Іс-шараға Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Ресей Федерациясының Әділет министрі Константин Чуйченко, халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Жобаны жүзеге асыруға Қазақстан, Ресей және халықаралық серіктестер бірнеше жыл бойы бірлесіп дайындалған. Осы уақыт ішінде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, жолбарыстың қорек базасы күшейтілді, арнайы бейімдеу вольерлері мен қажетті инфрақұрылым салынды.
Министр Ерлан Нысанбаев бұл оқиғаны тарихи кезең деп бағалап, жолбарыстың Қазақстан аумағына қайта оралуы мемлекет пен халықаралық серіктестердің көп жылғы еңбегінің нәтижесі екенін айтты. Оның сөзінше, ендігі міндет – жануарларды тұрақты бақылап, өңірде орнықты популяция қалыптастыру.
2026 жылдың мамырында Ресейдің қолдауымен Қазақстанға төрт Амур жолбарысы жеткізілген болатын. Олардың екеуі – ересек, екеуі – 6–7 айлық күшіктер. Арнайы бейімдеу кезеңінен өткен Үміттің денсаулығы, аңшылық қабілеті мен табиғи ортада өз бетінше өмір сүруге дайындығы толық тексеріліп, оң қорытынды берілген.
Табиғи ортаға жіберілер алдында Үмітке GPS/GSM спутниктік қарғыбау тағылды. Қазір оның қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделуі тәулік бойы спутниктік жүйе және фототұзақтар арқылы бақыланып отыр.
Ал қалған жолбарыстар әзірге бейімдеу кезеңінен өтуде. Аталық жолбарыс барлық сынақтан өткеннен кейін ғана табиғи ортаға жіберіледі. Ал екі жас жолбарыс 18 айлық жасқа толған соң ветеринарлық және мінез-құлық тексерулерінің нәтижесіне қарай табиғатқа жіберілуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, Амур жолбарысы генетикалық тұрғыдан жойылып кеткен Тұран жолбарысына өте жақын. Сондықтан әлемдік ғылыми қауымдастық оны Қазақстандағы тарихи ареалда жолбарыс популяциясын қалпына келтіруге ең қолайлы түр деп таныған.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0