Израиль мен ХАМАС Газа бойынша келісімге келгендерін растады

Газада әскери қимыл 24 сағатта тоқтатылады, ал тұтқындар 72 сағат ішінде босатылмақ.

Қазан 10, 2025 - 10:38
Израиль мен ХАМАС Газа бойынша келісімге келгендерін растады

Израиль мен палестиналық ХАМАС тобының (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым танылған) ресми өкілдері Газада атысты тоқтатып, ондағы израильдік тұтқындарды босату туралы келісімге қол қойғандарын растады. Израиль өз кезегінде көп палестиналықты түрмеден шығармақ.

Reuters-дің жазуынша, жұма күні Израиль үкіметі ХАМАС-пен атысты тоқтату туралы келісімді мақұлдаған. Израиль үкіметінің ресми өкілінің айтуынша, Газада әскери қимыл 24 сағатта тоқтатылады, ал тұтқындар 72 сағат ішінде босатылмақ.

Израильдің дерегінше, ХАМАС тұтқында ұстап отырған 48 израильдіктің 20-сы тірі.

Reuters дереккөзінің айуынша, босатылуы тиіс жүздеген палестиналықтың тізімі әлі толық жасалмаған. ХАМАС бірқатар танымал палестиналықтарды түрмеден шығаруға күш салып отыр.

ХАМАС-тың шетелде жүрген жетекшісі Халел әл-Хайя АҚШ пен өзге де араағайын болған елдерден кепілдік алғанын мәлімдеп, Газада соғыстың аяқталғанын айтты.

Алда Трамп ұсынған 20 тармақтық жоспардағы қалған шарттар талқылануы керек. Арасында соғыс біткенде Газа секторын кімнің бақылауында болады деген сұрақ және ХАМАС-ты қарусыздандыру туралы Израиль билігінің талабы да бар. ХАМАС бұған дейін бұл талапты кері қайтарған.

Дереккөз: Азаттық радиосы

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow