«Қайрат» клубы футболшыларға сыйлық беруге қатысты жаңа тәртіп енгізді

Футбол клубының иесі Қайрат Боранбаев жас қақпашы Шерхан Қалмырзаға берілген қымбат сыйлықтан кейін команда ішінде түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды sadaq.kz.
Еске сала кетейік, 18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмырза Чемпиондар лигасында «Спортингке» (1:4) және «Реалға» (0:5) қарсы өткен ойындардан кейін кәсіпкерден Exceed маркалы көлік сыйға алған еді. Сондай-ақ тағы бір ойыншы — Темірлан Анарбеков те кәсіпкерлерден автокөлік иеленген. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып, түрлі пікір туғызды. Ал бас бапкер Рафаэль Уразбахтин жекелей марапаттаулар командалық рухқа кері әсер етуі мүмкін екенін атап өткен болатын.
"Біз ойыншылармен арнайы кездесу өткізіп, мұндай жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсіндірдік. Кез келген жеңіс — бүкіл команданың еңбегі. Егер бір футболшы сыйлық алса, онда Дастан да, Мартынович те, Громыко мен Заруцкий де соған лайық. Бірақ болған іс болды. Әрине, мұндай сыйлықтарды тыйым сала алмаймыз, алайда барлық ойыншылар клубпен келісімшартқа отырғандықтан, енді мұндай мәселелер тек клуб арқылы шешілетін болады", – деді Боранбаев.
Осылайша, «Қайрат» басшылығы алдағы уақытта ойыншыларға берілетін жеке сыйлықтар мен демеушілік тартуларды өз бақылауына алмақ.
Сіздің реакцияңыз қандай?






