Қазақстанда cалынатын бір АЭС-ның құны 14 млрд долларды құрауы мүмкін

Маусым 27, 2025 - 11:50
 Қазақстанда cалынатын бір АЭС-ның құны 14 млрд долларды құрауы мүмкін
Фото: ғаламтордан

Қазақстан Республикасының Атомдық энергия жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Қазақстанда атом электр станциясын салу кемінде 14 млрд долларға түседі, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Парламент кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап берген Сәтқалиев АЭС құрылысының нақты құны әзірге белгіленбегенін атап өтті. Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде осындай деңгейдегі АЭС-тер дәл осындай сомаға бағаланады. Қазір жобаға қатысты техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Құрылыс құны техникалық-экономикалық негіздеме аяқталған соң нақты белгілі болады.

"Құны технико-экономикалық негіздеме негізінде айқындалады. Бізде конкурстық рәсімдерге қатысқан вендорлар ұсынған параметрлер бар. Қазіргі уақытта бұл ақпаратты жариялай алмаймыз, себебі қатысушылармен жасалған құпиялық келісімдермен қорғалған. Дегенмен, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай деңгейдегі станцияның бағасы ең төменгі есеппен 14 миллиард долларды құрайды", – деді ол журналистерге.

2024 жылы қазақстандықтар референдумда АЭС салуға келісім берді. Ал 2025 жылғы 14 маусымда белгілі болғандай, бірінші станцияны ресейлік «Росатом», ал екінші АЭС-ті Қытайдың CNNC компаниясы салуы мүмкін.

«Росатом» мен Қазақстан екі ВВЭР-1200 реакторын салуға арналған жол картасын да бекітті. Құрылыс шамамен 11 жылға созылып, 2035–2036 жылдары аяқталуы мүмкін.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow