Келіссөзді тоқтатқан: Әзербайжандықтар Ресеймен футбол ойнамайтындарын мәлімдеді
Әзербайжан футбол федерацияларының қауымдастығы Ресей футбол одағымен 2025 жылы ұлттық құрамалар арасындағы жолдастық кездесу туралы келіссөзді тоқтатқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
УЕФА соңғы отырысының бірінде Ресей футбол одағы мен Әзербайжан футбол федерациялары қауымдастығының (АФФА) өкілдері көктем немесе жазда жолдастық кездесу ұйымдастыруды сөз еткен-ді. Десе де, бұл ойын ресми келіссөздер деңгейіне жетпеген. Оған себеп Ақтау маңында құлаған әзербайжандық ұшақ апаты болуы ықтимал. Апаттан кейін Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев Ресейдің ресми басшыларын ауыр айыптаған еді.
Еске салайық, Ресей құрамасы Халықаралық футбол федерациясы мен Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының санкцияларына байланысты бірнеше рет халықаралық турнирге қатыспады. Бір ғана мысал, 2022 жылы Катарда жалауын желбіреткен әлем чемпионатында бой көрсетпеді. Одан қалды, 2024 жылы Германияда өткен Еуропа чемпионатына қатысу құқығынан айырылса, 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің жеребесіне де аталған құрама жіберілмеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?