«Кезінде Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваға қызмет қылғандардың ұрпақтары билікке келіп жатыр» - журналист

Кешеден бері әлеуметтік желі бетінде "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының уақытша тағайындалған басқарма төрағасы Ерлан Қойшыбаев жайлы ақпарат гулеп тұр, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.
Ерлан Қойшыбаев бұл орынға Нұрлан Сауранбаевтың Көлік министрлігіне ауысуына байланысты уақытша тағайындалған. «Компанияның ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес, логистика жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары КТЖ басшысының міндетін уақытша атқарады», – деп хабарлады аталмыш мекеменің баспасөз қызметі.
Е.Қойшыбаев ҚТЖ-да логистика бойынша төрағаның орынбасары болып келген. Ең қызығы, ол кезінде премьер, облыс әкімі сияқты лауазымды қызмет атқарған, Нұрсұлтан Назарбаевтың үзеңгілес серігі - Даниал Ахметовтың туған күйеу баласы.
Журналист Ораз Әлімбектің жазуынша, Қазақстан темір жолының су жаңа қожайыны Ерланның атасы Қойшыбай кезінде Рахат пен Дариғаға қызмет қылған.
Енді журналистің жазбасына назар аударсақ:
Рахат пен Дариғаға қызмет қылған Қойшыбайдың үрім-бұтағы «Қазақстан темір жолын» ұшпаққа шығара ма? «Қазақстан темір жолына» Ерлан Хамардинович Қойшыбаев бастық болады» деген хабарға кейбіреулер шәпкісін аспанға атып қуанып жатыр екен. Бұл жігіттің «қандай теріден тігілгенін» төмендегі таблицадан-ақ байқауға болар. Ал мен Қойшыбайдың ұлдары жөнінде аз-маз мәлімет берейін. Қойшыбайдың немересі Ерлан экс-премьер Даниял Ахметовтың туған күйеубаласы екенін айттым.
Ал Ерланның әкесі Хамардин Койшыбаевич Махашов 2000-жылдардың ортасында «Хабар» агенттігінде қаржы директоры қызметін атқарған. «Хабарға» директор түгілі жай журналисті жұмысқа алу Рахат Әлиевтің қатаң қадағалауынан өткені баяғыдан белгілі. Хамардин «Хабарға» дейін Дариға Назарбаеваның «Асар» партиясын құруға қатысып, Рахат пен Дариғаның сеніміне кірген адам. Хамардин Махашов есімі Алматының «Таулы қырат» аумағындағы алып жер теліміне және «Қазақстан» қонақүйінің қасына заңсыз салынған «Тай» мейрамханасына қатысты дау-дамаймен байланысты. Дариғаның ықпалы азайған тұста «Таулы қыраттағы» Х.Махашовтың алып жер телімін әкімдік балансына қайтарып алды. Жерді одан әрі кімнің иелігіне өткені белгісіз. Ал тротуардың үстіне салынған «Тай» мейрамханасын «Жаңа Қазақстан» сүріп тастады – жаяу жүргіншілерге рахат боп қалды. Дегенмен, Махашовтар «Таулы қыраттағы» басқа жер теліміне салынған үйде тұратын сияқты - карта соны көрсетіп тұр.
Хамардиннің туған інісі, Ерланның көкесі – Амангелді. Оның фамилиясы - Макашов. Ол Рахат Әлиевпен бірге финполда жұмыс істеген. Қойшыбайдың бұл ұлы да Рахат Әлиевтің сенімді адамы болған сияқты. 2006 жылы саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевты (көмекшілерімен қоса) өлтірген Рустам Ибрагимовты Рахат Әлиевке тауып берген осы – А.Макашов. Бұл оқиғаның егжей-тегжейі А.Макашовтың 2014 жылы сотқа берген куәлігінде айтылған. Алтынбек Сәрсенбаев өлімінен кейін Амангелді Макашов шетелге қашып кетіп, кейін қайта оралды, сотталып шықты. Ол коронавирус індеті кезінде қайтыс болды.
Созақ даласында өмір бойы басбух болып қызмет атқарған Қойшыбай ақсақал қазір ауылында. Жұрттың айтуынша, ол есепке жүйрік маман екен. Ұрпағының мыңғырған малы Созақтың ұшы-қиыры жоқ сортаңында жайылып жүр. Ұл-қыздарын есеппен жүруді, әр нәрсенің пайдалы жағын ойлауды, тіпті үрім-бұтағына жасы үлкендігіне және ұлтына қарамай үйлене беруді қатты тапсырған-ау, сірә. Оның бұл өсиетін ұлы Амангелді де, немересі Ерлан да ескерусіз қалдырған жоқ....
Сіздің реакцияңыз қандай?






