Қостанайда Міржақып Дулатұлының ескерткіші ашылды

Қыркүйек 22, 2025 - 10:40
Қостанайда Міржақып Дулатұлының ескерткіші ашылды
e-history.kz

Торғай өңірінде Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы тойланып өтті. Мерейтой қарсаңында Қостанайда Міржақып Дулатұлының ескерткіші ашылды. Ескерткіштің ашылу рәсіміне Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов қатысты.  

Салтанатты шара барысында Мәжіліс Спикері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Төл тарихымызда азаттық үшін аянбай күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Міржақып Дулатұлы. Ол қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Жұрттың сана-сезімін жаңғырту жолында еңбек етіп, жасампаз рухтың жаршысы болды. Адамзатқа ортақ құндылықтарды кеңінен дәріптеп, жастарды өнер-білімге үндеді. Қаламгердің «Оян қазақ!» деген сөзі ұлттың ұранына айналды. Міржақып Дулатұлы әдебиетімізді жаңа деңгейге көтеруге зор еңбек сіңірді. Халқымыздың біртуар перзентінің қайраткерлік қасиеті мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз», делінген Президент құттықтауында.

Салтанатты іс-шараға сонымен қатар, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті жұртшылық қатысты. Алаш көсемінің рухына тағзым етіп, сөз сөйлегендер қатарында Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдік пен Міржақып Дулатұлының ұрпағы Ерлан Сатыбалдиев болды.

Мәжіліс Спикері бұл шаралардың ауқымы халық пен мемлекеттің Міржақып Дулатұлы мұрасына деген айрықша құрметін айқын көрсететінін атап өтті.

«Біз қазір де ел тарихындағы тағдырлы кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Алаш ардақтылары армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Біз  толыққанды мемлекетпіз. Соңғы жылдары Президенттің жүйелі әрі кешенді реформалары халық тарапынан жан-жақты қолдау табуда. Елдегі оң өзгерістер қоғамның болашаққа деген сенімін нығайтып отыр. Бүгінгі мақсатымыз – Әділетті, Күшті, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстан құру. Бұл ұлы ағартушыларымыздың да, қазіргі қазақстандықтардың да ортақ арманының жүзеге асуы», – деді Ерлан Қошанов.

Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай облыстық және республикалық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.

Торғай ауылында халықаралық «Ұлы дала жорығы» атты ат марафоны басталды. Жорықшылар Торғай даласы арқылы 500 шақырымдық жол жүріп өтеді.

Сонымен қатар, өңірде ұлы ағартушының шығармашылығына арналған ғылыми конференциялар ұйымдастырылып,  республикалық ақындар айтыс өтті. .

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow